Бүгін Ақтауда WorldSkills Aktau – 2024 IX өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты аясында «Кім болғым келеді?» мамандық фестивалінің облыстық «BabySkills» жобасы өтті. Жоба аясында 26 оқушы сарапшылардан кәсіби бағдар алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара Маңғыстау облысының білім басқармасы мен Х. Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің жоспарына сәйкес №16 С. Мұқашев атындағы орта мектепте өтті. Жобаға қатысқан 4-сынып оқушылары 9 құзіреттілік бойынша қатысып, мамандықтарға деген қызығушылығын арттырды.
«Биыл осы жоба үшін №16 С. Мұқашев атындағы орта мектеппен меморандум жасап, 4-сынып оқушыларымен байланыс орнаттық. Оқушылар ІТ, робототехника, Lego, графикалық дизайнер, химиялық, энергетикалық технология, машина жасау технологиясы, құрылыс, құтқару жұмыстары, дене шынықтыру мен спорт бағыттары бойынша қатысып жатыр. Әр құзіреттілікке 6 баладан жазылды. Алдымен сарапшылар теориялық мәліметтерді берді, кейін оқушылар алған білімін іс жүзінде қолданып, шеберлігін шыңдады», - Х. Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі басшысының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары, педагог-шебер Ғалия Тугерова.
Оның айтуынша, аталған жоба 2020 жылы басталған. Осы уақытқа дейін облыста 150-ден аса оқушы қатысқан, 9 мектепте ұйымдастырылған. Бұдан бөлек 5 – 7 – сынып оқушылары үшін «ZhasSkills», ал 7 – 9 – сынып оқушыларына «JuniorSkills» жобасы жоспарланып отыр.
«Жоба өте қызықты өтіп жатыр. Өзім дене шынықтыру және спорт құзіреттілігін таңдаған едім. Бір ерекшелігі мұнда ұлттық ойындарға бағыт берілді. Сонымен қатар басқа да технологиялық мамандықтар бойынша ақпараттар алдық», - дейді 4-сынып оқушысы Мария Сембаева.
Шара соңында жобаға қатысқан оқушылар мен сарапшыларға алғыс хат, диплом табысталды.