Орталығы Германияда орналасқан «Шығыс-Батыс Достық және Бейбітшілік Раллиі Қауымдастығы» 2022 жылы Орталық Азияның бауырлас түркі тілдес Республикалар тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымымен (TÜRKSOY), Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігімен, ТР Мәдениет және туризм министрлігі және Еуропа істері жөніндегі басқармасымен (EU) ынтымақтаса отырып, «Дунайдан Орхонға дейін Жібек жолы Раллиін» ұйымдастырған-ды.
Осы жылғы 21 тамыз күні Мажарстанның астанасы Будапешт қаласынан, Дунай өзенінің жағалауынан басталып, 31 тамыз-2 қыркүйек күндері Түркия-Грузия-Әзірбайжан маршрутымен Каспий теңізі арқылы Баку-Құрық және Ақтау-Бейнеу-Байқоңыр-Түркістан жолымен өтіп, Өзбекстанға бару жоспарланған. Шараның басты мақсаты—мәдениетаралық байланысты қамтамасыз ету, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше түркі мемлекеттеріндегі, Шығыс пен Батыс арасындағы достыққа әлем назарын аударту және тарихи Жібек жолын жаңғырту, дос әрі бауырлас елдердің тарихын, мәдениетін, табиғатын және туристер үшін тартымды әсем жерлерін БАҚ, әлеуметтік желі және мәдени шара арқылы паш ету.
Құрық портынан түсіп, Ақтауда сәл аялдаған раллишілер Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығында болды. Бас консул Мұзаффер Ақйылдырым ежелден келе жатқан Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы мен бауырластық байланыстарын жаңғырту жолында ел асып, жер асып жүрген раллишілерге сәтті сапар тілеп, жылы лебізін білдірді.
Маңғыстау облысының орталығынан аттанып кеткен олар Бейнеу-Байқоңыр-Түркістан арқылы Өзбекстанға өтеді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА