Қазір Ақтау қаласында 18 автобус аялдамасының құрылысы аяқталды. 9 аялдама іске қосылып, қалған аялдамаларда инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұдан өзге, тағы 7 автобус аялдамасының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Автобус аялдамаларында орналасқан жеріне байланысты ашық және жабық аялдама, коммерциялық объекті және дәретхана бар. Аялдамалар толығымен кәсіпкерлер есебінен салынды. Жер учаскесін жалға алу шартына сәйкес кәсіпкер аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге және тиісті муниципалдық мекемелермен шарт жасасуға міндетті, - деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.
Қала әкімдігінің қызметкерлері аялдама павильондарында кәсіпкерлердің байланыс нөмірі бар ақпараттық хабарламаларды орналастырды. Бұл жауапты тұлғалардың шағымға тез арада жауап беріп, мәселені шешуіне көмектеседі.
-Тұрғындардың аялдама павильондарына емін-еркін кіріп шығуы үшін ешқандай кедергі болмауы керек. Сол үшін қала әкімдігі қызметкерлерді жіберіп барлық павильондарға арнайы ақпараттық хабарламалар орнатты. Онда әр павильон иесінің телефон нөмірі көрсетілген. Сол арқылы сіз қандай да бір шағымыңыз болса хабарласа аласыз, - деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.