Ақтау қаласының тұрғыны көшеде бағдаршамдар мен камера санын көбейтуді сұрап, облыс әкімдігінің telegram каналына жазған. Желі қолданушысының айтуынша, жылдамдығын бақылайтын камераны көбейту арқылы қауіпсіздік ережесі сақталады. Тұрғынның сауалына облыстық полиция департаментінің өкілдері жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Тұрғын өз өтінішінде 16 шағынаудан мен 17, 19 шағынаудандағы жолдарға жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар қоюды сұрайды. Айтуынша, аталған жерлерде жаяу жүргіншілерге жүру өте қауіпті. Жаяу жүргіншілер бағдаршамы мен көліктердің жылдамдығын бақылайтын камера жоқ. Көп жағдайда автомобиль жүргізушілері жаяу жүргіншілерге жол бермейді екен.
Тұрғынның сауалына облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева жауап берді.
-Полиция департаментімен Ақтау қаласы аумағына 108 орынға, оның ішінде 16 мен 17, 19 бен 18 шағынаудандардың аралығында жол жүру ережесін бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін «Сергек» құрылғыларын енгізу бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар жолданды. Жоспарға сәйкес камераларды қою жұмыстары ағымдағы жылдың 4-тоқсанында басталады. Бұдан басқа 16, 17-шағынаудан аралығындағы «Ясин» емханасына қарсы, сондай-ақ 16 мен 19 шағынаудан аралығындағы жаяу жүргінші өткеліне бағдаршам объектісін орнату бойынша ұсыныстар да жолданды, - дейді Айгерім Ибатуллаева.