Осымен екінші рет ұйымдастырып отырған фестиваль 20-23 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл туралы mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Фестиваль Маңғыстау облысының құрылтайшылығымен осымен екінші мәрте өткізіліп отыр.
-Ұлттық руханиятты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған фестивальға Грузия, Қырғызстан, Башқұртстан Республикасының Туймазы қаласынан және Қазақстанның басқа қалаларынан келген өнер майталмандары қатысып, бар жақсысын паш етпек. Достас елдерден келген драма театр артистері Нұрмұхан Жантөрин театрының сахна төрінде өзара сынға түспек. Шетелден, елорда мен Алматыдан және өзге де облыстардан келген құрметті қонақтар қатысады. Фестиваль театрлар арасындағы шығармашылық байланыстарды арттыруға бағытталған. Достас елдер театрлары арасында тәжірибе алмасып, шығармашылық ұжымдарды жаңа жетістікке жетелеуге ынталандырады. Өзге ел театрларына фестивальге өз репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдармен қатысуға рұқсат етілді, деді Гүлсина Мерғалиева.
Театрдың көркемдік жетекшісі - Медғат Өмірәлиевтың айтуынша, екінші халықаралық «Abish Alemi» театр фестиваліне қатысатын қойылымдарды театр әлеміне танымал қазылар алқасының беделді мүшелері сараптайтын болады. Қазылар алқасының құрамында белгілі театр сыншылары мен өнер қайраткерлері бар. Олар Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова , Атабак Пурнадери, Еркін Жуасбек, Лаша Чхартишвили, Бейбіт Бахтыгереев, Меруерт Жақсылықова бар. Кештің арнайы қонақтары ретінде Әбіш Кекілбайұлының отбасы мен ізбасарлары қатысады.
Фестивальдің ашылу салтанаты 20 қыркүйек күні теңіз жағасындағы ашық сахна амфитеатрда кешкі сағат 19:00-де өтеді. Ашылу салтанатын барша қала қонақтары мен тұрғындары тамашалай алады. Мерекелік кеш Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы «Абылай хан» монологымен басталмақ. Фестивальдің өтетін орны: Ақтау қаласы, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры.