Бүгін футзалдан Қазақстан суперкубогы үшін «Қайрат» пен «Аят» командасының кездесуі өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ойын алдында «Қайрат» футзал командасының бас бапкері Рикардо Кака мен «Аят» командасының бапкері Қанат Танакпаев брифинг өткізді. Қос бапкер де бүгінгі ойынға дайын екенін және суперкубоктан дәмелі екенін жеткізді.
«Биыл маусым Ақтау қаласында өтетініне қуаныштымын. Теңіз жағасында болғандықтан атмосфера керемет. Менің ойымша, былтыр болған жанкүйерлік қолдау, ыстық атмосфера, эмоция биыл да болады деген ойдамын. Ал бүгін болатын ойынға біз толық командамен келдік және суперкубокты алуға дайынбыз», - деді Рикардо Кака.
«Аят» командасының бапкері Қанат Танакпаевтың айтуынша, «Қайрат» осал команда емес. Десе де команда сақадай сай тұр, дайындығы да жетерлік. Сондықтан жігіттер суперкубокқа ие болатынына сенетінін жеткізді.
Айта кетейік, футзалдан суперкубок және кубок ойыны Ақтауда алғаш рет өтіп жатыр. Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Төлеуғали Тайтулеевтың айтуынша, мұндай мүмкіндік футзалсүйер ақтаулық жанкүйерлердің арқасында беріліп отыр. Басты мақсат – футзал деңгейін көтеру және бәсекелестікті арттыру. Сондай-ақ ол маусым ішінде ойынның әділ әрі ережеге сай өтетінін, жаңа деңгейге шығуға жұмыс істейтінін атап өтті. Осы ретте былтыр маусымда мәселе болған төрешілік жұмыстарды пысықтайтынын тілге тиек етті.
«Төрешілік мәселесін шешеміз. Ол үшін өзге аймақтардан төрешіні тартамыз және әділ, шынайы болған төрешілердің рейтингін қалыптастырып, жағдай жасаймыз. Бұл өз кезегінде оң өзгерістерді жасауға септігін тигізеді», - деді ҚФҚ президенті Т. Тайтулеев.
Ал 7 қыркүйектен бастап Қазақстан кубогының кездесулері өтеді. Командалар екі топқа бөлінді. Әр топта 4 команда бар. Атап айтқанда «А» тобында «Астана», «Қайрат», Каспий», «Рахмет» командалары болса, «В» тобында «Аят», «Ақтөбе», «Атырау», «Бәйтерек» бар.
«Каспий» МФК директоры Ержан Жаңбыровтың мәлімдеуінше, осы жолы «Каспий» командасының 80 пайызы жергілікті ойыншылардан тұрады. Жақында бразилялық легионер команда сапына қосылады.
Кубоктық ойын 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Одан кейін ұлттық құрама теңіз жағалауында оқу-жаттығуөткізіп, Әзербайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА