Жаңаөзенде алғаш рет кекушинкай каратэ-до ІІ Азия чемпионаты өтеді. Чемпионат қарсаңында қала әкімі Айбек Қосуақов дайындықты тексерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Айбек Қосуақов дайындықты тағы бір пысықтап, спорттық нысандар мен ғимараттардың, қонақ үйлердің, мейрамханалардың, көлік және коммуникация жүйесінің, шетелдік делегаттар мен командаларға, туристер мен қала қонақтарына қызмет көрсететін басқа да қала нысандарының уақытылы дайын болуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Сондай-ақ, спортшылар мен қонақтарды қарсы алу дайындығын тексеріп, Азия чемпионаты барысында қолданылатын техника, ақпараттық орталықтың жұмысын қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, 24-25 қыркүйекте кекушинкай каратэ-до бойынша өтетін Азия чемпионатына Жаңаөзен қаласы бойынша 30 спортшы қатысады. Бұдан бөлек Азия құрлығындағы 12 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы келеді. Олардың қатарында Жапония, Корея, Қытай, Ирак, Иран, Сирия, Непал т.б елдердің спортшылары бар.