13 қыркүйекте облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат жиынында жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың айтуынша, облыстың алдағы жылыту маусымына дайындығы барысында ұзындығы 2,687 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ 554 шақырым электрмен жабдықтау желілері жөнделді.
Ақтау қаласының 15, 20, 28а, 33 шағын аудандарының тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында 5 модульдік жылу қазандығы сатып алынды. Бұл қазандықтар өңірге қыркүйек айының соңына дейін жеткізіледі.
- Жаңа шағынаудандарда негізінен көп қабатты тұрғын үйлер орналасқандықтан сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек айының соңына дейін 5 модульдік жылу қазандығы, 4 блокты-модульді қазандық және бір мобильді қазандық сатып алынады. Сондай-ақ Ақтау қаласының 1-ден 6-ықшам ауданына дейінгі жылу желілерін жаңғырту бойынша бірінші кезеңнің конкурстық рәсімдері аяқталып, мердігер анықталды. Қаражат бөлінуіне қарай жұмысты бастау жоспарлануда, - деді Бердібек Қартбаев.
Алайда облыс бойынша жылу беру маусымына дайындық көңіл көншітпейді. Тозығы жеткен құбырлар, қордаланған мәселелер тұрғын үйлер мен объектілерге жылу жүйесін жүйелі жеткізуді тежейді.
Бұдан басқа, Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қуаты 100 Гкал/сағ қазандық құрылысы жобасына мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдету қажет.
Жиында аймақ басшысы көтерілген мәселелер бойынша жедел нақты шешімдер қабылдау керектігін айтып, алдағы жылыту маусымына салғырттық танытқан қала, аудан әкімдерін сынға алды.