Маңғыстау облысында алғаш рет ұйымдастырылған «Жастар ұйымдарының көшбасшылары үшін ТМД елдеріне тағылымдамалар» жобасы байқауының жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байқау комиссиясының шешімімен Ұлмекен Жарасбаева, Нұрсұлтан Мұрзабек, Анар Қатаева, Алмаз Дощаев, Гүлмайса Шаңбаева, Нұрлан Нараддинов, Данияр Амангелдиев, Гауһар Шамқұлова және Нұрлан Қуанышбай, Алдияр Төлеуов жеңімпаз атанды.
Еске сала кетейік, байқауға өтінім қабылдау екі аптаға созылды. Осы уақыт аралығында 101 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 50 өтінім техникалық іріктеуден өтті. Ал комиссиялық отырыс екі күнге жалғасты.
Комиссия құрамында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков, «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Абишева, «Mediana Services Limited» IT компаниясының басшысы Өмірбек Құрбанбаев, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, Аймақтық жобаларды мониторингілеу орталығының мемлекеттік қызмет және қауіпсіздік базалық бағытын жүзеге асыру тобының басшысы Жақсыгүл Маханбетова және облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Мұқаш Оралбай болды.
- Байқаудың негізгі мақсаты – өңірдегі жас көшбасшылардың шетелдік тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Сол арқылы жастарды жетістікке жетуге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға шақыру. Аймақ дамуына және әлеуметтік мәселелерді шешуге деген ынтаны арттыру. Енді маңғыстаулық үздік жастар күз айларында Қырғызстан және Грузия елдеріне барып, тәжірибесімен танысады. Сапар барысында алған білім мен жаңашылдықты өз саласына енгізіп, жастардың дамуына арналған жобаларды жандандыруға атсалысады деп сенемін, деді жоба жетекшісі Алмаз Жақсылық.