Сайын Шапағатов ауылдық округінде ашылған "Айсана" жекеменшік бастауыш мектебі 130 оқушымен оқу жылын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Т. Алтынғалиев, ардагер ұстаз О. Қосай Білім күнімен құттықтап, жаңа мектептің жұмысына сәттілік тіледі.
- Мемлекеттің қолдауымен сапалы және қолжетімді білім алуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Біздің міндетіміз – осы үдерісті сақтап, жандандыру. Бір жыл бұрын құрылысы басталған мектеп, бүгінде өз оқушыларын қабылдап жатыр. Осы айтулы мереке күні оқушыларды, мектеп ұжымдарын, ата-аналарды, әсіресе, мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндерді құттықтаймын! Жаңа мектептің жұмысына сәттілік тілеймін, - деді Т. Алтынғалиев.
Мектеп лентасын құрметі ардагер ұстаз Ордалы Қосай мен Тілектес Тоқбаев қиды.
Шара барысында мектеп оқушылары ән айтып, өлең шумақтарын жатқа оқыды.
Түпқараған ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, ауданда биыл оқу жылында 9 393 оқушы білім алады, оның ішінде 1 068 оқушы 1-сыныпқа барған.