Ақтауда өтіп жатқан ll халықаралық “Әбіш әлемі” фестивалі аясында өңірге келген мәдениет қайраткерлері жастармен кездесіп, тәлімгерлік сабақтар өтуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Соның бірі - театр және кино актері, режиссер, ҚР халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың Н.Жантөрин атындағы драма театрдың актерлерімен кездесуі. Кездесу барысында театр майталманы еліміздегі театрлардың ахуалына көз жүгірте отырып, құнды ақпарлармен бөлісті. Сахна арқылы проблемаларды көтеру, рөлге шынайы ене білу, өнер адамында көп болатын күйзелістен шығу жолдарын баян етті.
-Сахнада рөлді мықты ойнағың келсе, өмірде де сол рөлді сезін. Сахнадағы рөлде қандай таза кейіпкер болсаң, өмірде де сондай таза бол. Жүрегің де, сүлдең де бір жерде болсын-, дейді актер жас талаптарға. Жиналған театр актерлері өнер иесіне қызықты кезеңдер, қазақ киносының шоқ жұлдыздарымен бірге жасаған туындылары, көзге көріне бермейтін сахна сыртындағы сәттер туралы сұрады.
Аймаққа келген өнер тарландарының шеберлік сабақтары мен жастармен, оқушылармен кездесуі әлі де жалғасады.