«Балалар жылы» облыс прокуратурасы алимент төлемеушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдады. Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 18 адам сотталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу дәлелдегендей, алимент төлемеу үшін ер адамдар жұмыс орындарын әдейі жасырып, балаларына қамқорлық көрсетуді аналарының мойнына жүктеген.
Мысалы, С. есімді азамат үш жыл бойы өз балаларын асырауға саналы түрде төлем жасамаған және оның берешегі 2 млн. теңгеден асқан. 2022 жылдың 1 қыркүйегінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен борышкер С. ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша кінәлі деп танылды және оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған.
Сонымен қатар 62 борышкерге қатысты әкімшілік істер қозғалды, оның ішінде сот 34 адамды қамауға алынып, 28 адамға жалпы сомасы 403 мың теңге айыппұл салынды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде алимент бойынша 52 млн. теңге көлемінде қарыз өтелді.
Облыс прокуроры Құттықов Руфаттың айтуынша, қиын жағдайға тап болған адамдарға мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады.
Мәселен, прокуратурамен облыста тұрақты негізде Бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде алимент бойынша 95 борышкер жұмысқа орналастырылған.
Ажырасу - ата-ана міндеттерін орындамаудың себебі емес, балалар ересектердің қателіктерінен зардап шекпеуі керек, мұны түсінгісі келмейтіндер қатаң жауаптылыққа тартылады - деп облыс прокуроры ескертті.