Ақтауда облыстағы құм басқан ауылдар мәселесі бойынша көпшілік тыңдау өтті. Жиын барысында оқушылардың осы тақырыпта салған суреттерінің көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Сурет көрмесіне облыстың әр түкпірінен 80-нен астам оқушының жұмысы қойылып, оларға 30-дан астам ұстаз көмектесіп, белсенділік танытқан.
Басқосу Маңғыстау облыстық мәслихатының аграрлы сала және кәсіпкерлік, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының ұйымдастыруымен өттті.
Көпшілік тыңдау аясында барлық оқушылар және ұстаздарға облыстық табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Әсел Балманова және де облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев атынан алғыс хаттар табысталды.
- Көпшілік тыңдаудың мақсаты - жұртшылыққа Маңғыстаудың шөлді аймақта, әсіресе құм сілемдерінің жанында орналасқан көптеген ауылдарын құм суырған дауылдан, бархан көшпелі құмнан сақтау бойынша атқарылған жұмыстарды насихаттау, оның маңыздылығын түсіндіру және алдағы жоспарларды талқылау болатын. Іс-шараға депутаттарды, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, мектеп оқушылары және тұрғындарды шақырдық. Сурет көрмесі дайындалды. Ақтау қаласы, Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау аудандары бойынша оқушылар экологияға қатысты, оның ішінде құм тоқтату және құм басқан ауылдардың көріністерін бейнелеп, ұсынды. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы шараға қатысқан барлығық оқушыға басқарма басшысы атынан алғыс хаттармен қатар, арнайы балаларға арналған кітаптар сыйға тарттық. Мақсат – жас ұрпақты ынталандыру, табибатқа жанашырлық таныту қасиеттерін дамыту, - дейді басқарма басшысы Әсел Балманова.
Басқосуда Маңғыстау тәжірибелік-бағының басшысы Ақжүніс Иманбаева өлкедегі сексеуіл мен жыңғылды ағаштарын егу бағыттағы үлкен жұмыстарды баяндаса, эколог ғалым Орынбасар Тоғжанов құм көшуін тоқтату бойынша өзінің ұсыныстарын ортаға салды.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында үш ауылдың тұрғындары құмның құрсауынан шыға алмай отыр. Олар – Тұшықұдық, Үштаған және Сенек ауылдары. Бұл ауылдарда кіреберіс жолдар, тіпті, кейбір баспаналар мен мал қоралар құмға көміліп қалған.
-Үштаған ауылының жанында Сазды және Жарма деген ауылдардың да 70-80%-ы қазір осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Аталған елді-мекендердегі халық үдере көшкенде қайда барады? Сондықтан бұл мәселені тезірек қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Бұл тақырыпта басқосуды бірінші рет өткізіп отырмыз, алдағы уақытта жалғасын тауып, айтылған мәселелер нақты шешімін табуы керек, - дейді Аллаберген Қонарбаев.