Жануарлардан жұғатын аса қауіпті, табиғи ошақты карантиндік жұқпалы ауру - обадан қорғану мақсатында облыс бойынша 13 840 адам профилактикалық екпеге жоспарланды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнұр Құлжымырова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, екпе егу сәуір айында басталған.
- Обаны тасымалдаушылар - бүрге, кеміргіш, тышқан, егеуқұйрық, сарышұнақтар. Яғни, жанасу арқылы, ауа-тамшылары арқылы жұғады. Обаның өкпелік, ішектік, тері-бубондық, септикалық түрлері болады. Вакциналауды жоспарлы түрде жасау керек және эпидемиялық көрсетілімдер бойынша бір рет, қайта вакциналауды соңғы егуден кейін 12 айдан кейін жасайды,- деді Айнұр Құлжымырова.
Сондай-ақ дер кезінде дәрігерге қаралмаса, оба жұқтырған науқас өзіне және айналасына қауіп тудырады.
Брифингке қатысқан Маңғыстау облыстық обаға қарсы күрес станциясы филиалы басшысының орынбасары Мархабат Төлегенова обаның алдын-алу үшін жылына екі рет эпиджасақтар көктемде және күзде шығарылатынын атап өтті.
- Биыл қыркүйек айына дейін 2 стационарлық және 4 эпидемиологиялық жасақтармен 70,7 мың шаршы шақырым аумақ зерттелді. Ең алдымен елді мекендердің айналасы және ауысымдық лагерьлер, экспедициялар, мұнай және газ кен орындарының маңы, темір жол жиектері зерттелді. Есепті кезеңде кеміргіштер мен сыртмасылдардан обаның оқшауланған дақылдары болған жоқ, - деді Мархабат Төлегенова.