Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Қазақстан Халық партиясының» кезектен тыс XXI съезінде айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ortcom.kz сілтеме жасап.
Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев кезектен тыс құрылтай Қазақстан ғана емес, сонымен қатар барша адамзат тағдыры үшін сындарлы кезеңде өтіп жатқанын айтты.
«Қазір ішкі саяси ойындар мен талқылаулар жүргізетін кезең емес. Осы орайда ел бірлігі басты құндылығымыз болып отыр. Сондықтан 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ҚР президентін кезектен тыс сайлау туралы шешімді жариялаған бойда, партия алдағы осы науқанға орай саяси күштердің ішінде бірінші болып Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады», - деді Е. Ертісбаев.
Бұл тұрғыда ол партия ел мүддесін басшылыққа алып отырғанын атап өтті. Яғни әлемдегі қазіргі күрделі кезеңде халық пен елдің мүддесі, мемлекеттік тұрақты дамуы бәрінен жоғары болуы тиіс.
«Бүгінгі съездің мінберінен барлық партия мен ұйымдарға, республикалық қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Халық партиясының осы басты үндеуін назарға алуға шақырамын», - деді партия төрағасы.
«Осыған дейін айтқанымдай, біз ҚР президентін кезектен тыс сайлауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз», - деді Ермұхамет Ертісбаев.
Съез барысында делегаттар ҚР президентін кезектен тыс сайлауда кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсыну мәселесін талқыға салып, қолдау көрсетті.