Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий теңізіне қатысты жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрге Каспий теңізінің су балансын толықтыру мәселесі көрші елдермен талқыланып жатыр ма деген сұрақ қойылды.
«Қазір Ресей Федерациясымен Еділ өзенінің бойында оны жақсарту және сақтау бойынша үлкен федералды бағдарлама жүргізілуде. Бұл Каспий теңізін толықтыру көздерінің бірі екені де белгілі. Еділ маңындағы жылдық ағын 250 миллиард текше метр суды құрайды, - деді ол.
Сонымен қатар, Экология министрінің айтуынша, Жайық өзенінің жылдық ағыны да екі есеге азайған.
"Біздің тарапымыздан бЖайық өзеніне қатысты да Ресей Федерациясымен жұмыс істеп жатырмыз. Өкінішке орай, соңғы бірнеше жылда өзен бойындағы жылдық ағын екі есеге жуық азайды. Оның себептері, климаттың өзгеруі, сондай-ақ Ресей аумағындағы өзен ағынын жоғары қарай реттеу жұмыстары. Біздің ақпаратымыз бойынша, ол жерде көптеген су қоймалары салынды, дегенмен, біз ресейлік тараппен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жол картасына қол қойылып, соның аясында жұмыстанып жатырмыз. Бұл жұмысты 2024 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары, сондай-ақ өзен арнасын ғылыми зерттеу жұмыстары бар. Содан кейін нақты ұсыныстар жасалады, - деді Брекешев.
Ол Каспий теңізіндегі жағдайдың қазір тұрақты екенін мәлімдеді.
"Алайда біз соңғы 10 жылда Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендегенін байқадық. Қазір бұл тек Қазақстанның ғана емес, басқа елдерге де ортақ мәселе. Бұл мәселені шешу үшін қазір біз жан-жақты талқылап жатырмыз. Қазір су деңгейі тұрақты», - деді министр.
Экологтар Каспий теңізі Арал тағдырын қайталауы мүмкін екенін ескерткен болатын. Ресми деректерге сүйенсек, Каспийдің тайыздануы 2006 жылдан бері күрт басталған. Қазір Каспий аумағы 22 мың шаршы шақырымға қысқарды.