Ақтауда қоғамдық пікір көшбасшылары, блогер, ҮЕҰ-ға арналған «Фактчекинг һәм оның маңызы» тақырыбында тренинг өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тренингте фактілерді тексерудің, ашық деректерге қол жеткізудің маңыздылығы таныстырылды.
Бір күнге созылған тренинг барысында медиа-тренер «Factchek.kz» сайтының журналисті Жансерік Тілеухан жиналғандарға ақпараттың шынайылығын тексеруді үйретті.
-Тренингте фото, видео ақпараттардың, деректердің шынайылығын тексеруге болатынын білдім. Ол үшін арнайы ресми сайттар мен бағдарламалар жөнінде, ашық дерек көздерін дұрыс пайдалануды үйрендік, - дейді тренингке қатысушы Сәбит Қаржаубайұлы.
Шараға қатысушылар тренинг барысында фактілерді тексерудің, ашық деректерге қол жеткізудің маңыздылығымен танысып қана қоймай, алған білімдерін практикада сынап көрді.
-Тренингте қатысушылар ақпаратты үлкен аудиторияға таратып қана қоймай, нақты адамдардың пікірлеріне, іс-әрекеттеріне, мінез-құлқына нақты әсер ету қабілетін дамыту туралы білім алды, дейді медиа-тренер Жансерік Тілеухан.
Еске сала кетейік, тренинг «Маңғыстау облысында «бір терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту» атты жобасының аясында жүзеге асырылуда.
Шара Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша және КЕАҚ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Маңғыстау облыстық азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.