"Хан-Шахар" салтанат сарайында Евразия қорының орталық Азиядағы инновациялар бағдарламасының аясында облыс әкімдігінің, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау палатасының қолдауымен, " Ұрпақ Next" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Ауыл әйелдерінің форумы" өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Іс-шараның мақсаты - "Ауыл әйелдеріне инновация" жобасының қорытындысымен көпшілікті таныстыру, ауыл әйелдеріне қолдау көрсету, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бағдарламалар туралы түсіндіру.
Іс-шараға аудан-қалалардан келген қыз-келіншектер, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, облыстық іскер әйелдер кеңесі, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы, кәсіпкер әйелдер қауымы қатысты.
Алғы сөзді алған Г.Мұратбай " Ауыл әйелдеріне инновация" жобасы туралы айтып өтті. Сондай-ақ "Бір ауыл-бір өнім" республикалық пилоттық жобасы туралы С.Салихова, кәсіпкерлікті дамыту туралы Ж.Тоқбаева, " Әйелдердің ауыл мен ауыл шаруашылығына қосар үлесі" және "Асқар шыңдарға туралы тіккен ауыл әйелдері " кітабында жарық көрген ауыл әйелдері туралы С.Алибековалар баяндама, презентация жасады. Осы жоба аясында кәсібін бастаған қыз-келіншектер өздерінің алған әсерлері мен табыстары туралы ой бөлісті. Өз қолдарымен жасаған бұйымдар көрмесі жасақталды.
Форум аясында "Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері " кітабына енген ауыл тұрғындарына кітап табыс етіліп, көрмеге өз өнімдерін алып келген кәсіпкер әйелдерге облыс әкімі орынбасарының алғыс хаты табысталды.
Ауыл-халқымыздың бірегейлігі мен бірлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Қай салада болмасын батыл қадам жасап, жауапкершілік пен табандылықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан әйелдер қауымына қолдау әрқашан жоғары болмақ.