Бүгін Астанада өтіп жатқан “AMANAT” партиясының кезектен тыс XXIV Съезінде президенттікке үміткер ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты zakon.kz сілтеме жасап.
- Amanat партиясының міндеті және біздің тарихи жауапкершілігіміз – барша қазақстандықтарды президенттің озық реформалары төңірегіне топтастыру, – деді Ерлан Қошанов.
Одан кейін партия делегаттары пікір білдірді.
Мәселен, тәжірибелі ұстаз Аягүл Миразова "мемлекет басшысы ішкі-сыртқы саясатта тәжірибесі мол, елдің өткенін, бүгінін, жағдайын терең білетін тәжірибелі тұлға болғанын" қалайтынын айтты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі балуан, Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов бүгінде елімізде әділетті қоғам құру, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Жылдар бойы қордаланған мәселелер реттеле бастады. Спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Барлық өңірлерде әмбебап спорт кешендері салынып, аулалар мен қоғамдық орындарда тренажерлар мен жабдықтар орнатылды", - дейді Дәулет Тұрлыханов.
Кәсіпкер Анна Яковлева қаңтар оқиғасы кезінде мемлекет басшысы ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілетін көрсеткенін айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша партия мүшелері бірауыздан дауыс берді.
Астанада Amanat партиясының 24-съезі өтіп жатыр. Оның жұмысына елдің барлық аймағынан делегаттар, дәлірек 1200-ден астам адам қатысып жатыр.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. 23 қыркүйекте президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды.