Жаңадан ашылған «Сүлеймен Промоушен» спорт кешені бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдай алады. Онда дзюдо, қазақша күрес үйірмелері, жүзу бассейні мен фитнес залы бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорт кешені жеке инвестор Ибрагим Ақдрашевтың демеушілігімен салынды. Аудан әкімі Рахат Елтизаров тұрғындарды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
- Түпқараған ауданында осы күнге дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында 5 спорт кешені және 1 жекеменшік спорт нысаны қолданысқа берілді. Міне, бүгін өздеріңізбен тағы бір жекеменшік спорт кешенінің ашылуына куә болдық. Бұған дейін Ақшұқыр ауылында Сүлеймен спорт кешені бой көтерген. Қазіргі таңда жастар спортпен шұғылданып жатыр. Баршаңызды спортпен шұғылдануға шақырамын, - дейді Р. Елтизаров.
Спорт кешенінің лентасын ардагер спортшы Қуаныш Жеткізгенов, "НефтеСтройСервис" компаниясының Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Индира Байтұрғанқызы және жас спортшы қиды. Мерекелік шарада бес жас спортшыға компания тарапынан велосипед сыйға берілді.
Шара барысында сөз алған "НефтеСтройСервис" ЖШС Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Индира Байтұрғанқызы алдағы уақытта тағы заманауи спорт кешенін салуды жоспарлап отырғанын айтты.