Үкімет 2023 жылғы 21 қыркүйекте "Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесін беру туралы" қаулы қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
- Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесі берілсін,- делінген қаулыда.
Осы қаулыға тиісті шараларды қабылдау Көлік, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне жүктелді.
Құжат Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 шілдедегі жаңа геосаяси жағдайларда республиканың көлік-транзиттік әлеуетін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес қабылданды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз порттарын Каспий теңізінің жетекші тораптарының біріне айналдыруды айтқан еді.
Қаулы 2023 жылғы 21 қыркүйекте күшіне енді.
Айта кетейік, Ақтау теңіз сауда порты осыған дейін де халықаралық мәртебеге ие болған. Дегенмен 2018 жылдың қыркүйегінде Үкімет қаулысымен ол мәртебеден айырылған еді. Үкімет бұл шешімді портты жекешелендіруге қойылған шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді деп түсіндірді.