Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры XXI маусымның жоспары бойынша Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы мен Нұрмұхан Жантөриннің 95 жылдығына орай Каспий теңізінің жағалауында қойылым қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл пластикалық қойылым жаугершілік заманда бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген қазақ тарихындағы тұлғаның жалғыздығы мен қайраткерлігі туралы көрсетіліп, пластикалық шешіммен көркемделеді.
- Негізі көше театры ХХ ғасырда дамыған. Көше театрының ерекшелігі - мұнда билет сатылмайды, яғни тегін көрсетіледі. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры мен «Жорға» би ансамблі бірге өнер көрсетіп, коллаборация жасады. Біз ең алдымен демалыс күні қарапайым халыққа ерекше көңіл-күй сыйлағымыз келді. Сонымен қатар өскелең ұрпақ қазыналы тарихымызға шолу жасады. Қойылым тұрғындарға ұнады деген ойдамын,-деді сценарийдің авторы Әлия Исаева.
Шарада 25-тен астам театр әртісі және «Жорға» би ансамблі өнер көрсетті. Қоюшы-режиссер– хореограф Серік Сариев. Ал басты рөлдегі Сұлтан Бейбарыстың сұлтан және қарт кезін Медғат Өмірәлиев, жауынгер кезін Бекнұр Бекимов, боз бала шағын Есдәулет Амангелдіұлы, ал бала шағын Бекзат Сарсен, кішкентай кезін Таймас Сарсен сомдаған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жағалауға тұрғындар әлеуметтік желіден келіп түскен хабарламаларды көріп, арнайы жиылған. Ерекше өнер иелері қала тұрғындарын қойылыммен тәнті еткені сөзсіз.
- Қойылым 1 сағат 20 минутты құрады. Өте ерекше болды. Бұл менің көше қойылымына алғаш қатысуым. Театрға жиі баруға тырысамыз. Мұндай іс-шаралар біздің рухани дамуымызға септігін тигізері сөзсіз,-деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, театр ұжымы 25 қыркүйектен бастап Талдықорған, Қызылжар, Көкшетау қалаларына гастрольдік сапарға шығып, 3 фестивальге қатысады. Қала тұрғындары қойылымды алдағы қазан-қараша айларында тамашалай алады.