«Сары құрлықтың» басты бәсекесі 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтуде. 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 600-ге жуық спортшы қатысады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Олар 30 спорт түрінен сайысқа түседі. Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері Азия ойындарына сегізінші мәрте қатысып келеді.
«Азия ойындарына жолдама алу үшін спортшылар жан-жақты дайындықтан өтеді, көп еңбектенді. Азия ойындарына қатысудағы нәтиже - ең алдымен спортшылар мен жаттықтырушылардың ерік-жігерлері мен қажырлы еңбектерінің жемісі. Олар көптеген оқу-жаттығу жиындарында кешенді жаттығулар жасады, халықаралық жарыстарға қатысты. Бұл оңай жол емес. Енді спортшыларға жеңіске жетулеріне сәттілік тілеймін. Себебі бұл - үлкен жауапкершілік, спортшылар тек қана Маңғыстаудың емес, Қазақстанның намысын қорғайды. Облыстық спорт басқармасы атынан спортшылар мен бапкерлерге әрдайым қолдау көрсетіледі. Маңғыстаулық спортшыларға және пара спортшыларға Азиаданың жеңіс тұғырын бағындыруды нәсіп етсін! Маңғыстаулықтардың атынан сенім білдіремін!»- деді облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.
Маңғыстау облысынан Азия ойындарына 8 спорт түрінен 11 спортшы қатысуда. Сондай-ақ IV Азия Пара ойындарында 3 спортшы бақ сынайды.
Атап айтқанда, олимпиадалық спорт түрлерінен - теннис, таеквондо WTF, велоспорт, баскетбол 5*5, олимпиадалық емес спорт түрлерінен кураш, джиу-джитсу, жағажай волейболы, шахмат. Сонымен қатар пара Азиада ойындарында- параволейбол, парапауэрлифтинг және пара үстел теннисі бойынша өнер көрсетеді.