Ақтауда ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзетінің бірінші дивизионында биыл көктемде әскерге шақырылғандар ант қабылдады. Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Маңғыстау облыстарынан жиналған 200-ден астам сарбаз бен матрос Отанға адал болуға ант берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери ант – әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең салтанатты сәт. Одан кейін әскерге шақырылғандар елді қорғау үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, нағыз жауынгер болады. Осы сәттен бастап әскери қызметшінің бүкіл қызметі және оның әрбір әрекеті салтанатты анттың бағасымен салыстырылады.
ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы полковник Санат Жұманов сарбаздар мен матростарды құттықтады.
- Осы шараға қатысып отырғанның барлығын Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығымен, ал әскерге шақырылғандарды әскери ант қабылдауымен құттықтаймын. Құрметті әскерге шақырылушылар, сіз әскери қызметтің алғашқы қадамдарының бірін ел үшін осындай маңызды мереке - Отан Қорғаушылар Күні қарсаңында жасап отырсыз. Отанға адал болуға ант берген соң нағыз әскери қызметшіге айналасыз. Енді елдің Конституциясы мен заңдарын сақтау, әскери істі адал зерделеу, жауынгерлік дәстүрлерді сақтау және көбейту – сіздің міндетіңіз, - деді Санат Жұманов.
Ант қабылдау рәсіміне жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық өкілдері, шекара қызметінің ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.
"Застава Тарландары" Республикалық шекарашы-ардагерлер қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, запастағы полковник Владимир Колпаков әскерге шақырылушыларды ант қабылдауымен құттықтады. Ол Мемлекеттік шекараны күзету ең үздік және жауапты жауынгерлерге сенетінін айтты. Сондықтан ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері жас сарбаздар мен матростар әскери борышын абыроймен орындап, шекараны адал күзететініне үміт артатынын жеткізді.
Ант қабылдаған жас әскерилер әскери-есептік мамандықтарды игеруге кіріседі. Екі айдың ішінде олар шекаралық шеберліктің негіздерін түсінетін болады. Содан соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету үшін шекара бөлімшелері мен күзет кемелеріне жіберіледі.
Әскерге шақырылғандардың жартысы Маңғыстау облысының тумалары екенін атап өткен жөн. Өйткені ҰҚК Шекара қызметі екінші жыл қатарынан аумақтық қағидат бойынша ішінара жасақталып жатыр. Бұл тәсіл жас сарбаздарға әскери қызметке тезірек бейімделуге, мерзімді қызмет аяқталғаннан кейін келісімшарт негізінде ведомство қатарына орналасуға мүмкіндік береді.