Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері білім беру ұйымдарында түнгі уақытта профилактикалық жиындар мен рейдтер ұйымдастырып тұрады. Сонымен қатар облыста «Түнгі қаладағы балалар», «Назар аударыңыз – балалар!», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары жоспар бойынша да, жоспардан тыс та тұрақты түрде жүргізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында жыл басынан бері түнгі уақытта заңды өкілсіз тұрғынжайдан тыс жүрген 4625 жасөспірім анықталып, полиция бөлімдеріне жеткізілді.
Ал 104 ата-ана балаларының ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға ҚР ӘҚБтК-тің 132-бабы бойынша шара қолданылды.
Тоғыз айдың қорытындысына сәйкес әкімшілік кодекстің 127-бабымен 182 жасөспірімнің заңды өкілдеріне әкімшілік хаттамалар жасақталды.
- 23:00 кейін кәмелет жасына толмаған жасөспірім тұрғынжайдан тыс жерде жүрсе, алғашында ескертумен шектеледі. Алайда заң бұзушылық бір жыл ішінде бірнеше рет қайталанса, айыппұлға әкеп соғады және бала автоматты түрде есепке алынатындығын қаперлеріңізге береміз,- делінген облыстық ПД хабарламасыда.