Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі қызметінен кетті. Бұл қызметті ол үш жылға жуық, дәлірек айтсақ, 2 жыл 8 ай 9 күн жұмыс атқарды. Ноғаев облысты басқарған кезде Маңғыстауда болған оқиғаларды еске алайық.
Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі қызметіне 2021 жылдың қыркүйегінде тағайындалып, үш жылға жуық жұмыс атқарды. Бұған дейін ол Қазақстанның энергетика министрі қызметінде болған. Қаңтар оқиғасы, еңбек жанжалдары мен МӨЭК-тегі жазатайым оқиғалар Ноғаев әкім болған кезге тұспа-тұс келді. Нұрлан Ноғаев қиындықтарды қалай еңсерді.
Қаңтар
Ноғаев Маңғыстауға әкім болып тағайындалғаннан кейін үш ай өткен соң облыста наразылық басталды. Халық сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы шықты. Жаңаөзен қаласында басталған митинг бүкіл облысты қамтыды. Алайда Қазақстанның басқа өңірлерінен айырмашылығы - Маңғыстауда адам шығыны мен нысандарға шабуыл жасалған жоқ.
Наразылық білдірген тұрғындармен келіссөз бірнеше күнге созылды. Ноғаев Жаңаөзенде де, Ақтауда да адамдармен бірнеше рет диалогқа түскен. Мыңдаған халықтың алдында әкім: «Біз арандатушылардың жетегінде кетпей, зардап шегуге жол бермеуіміз керек» деді.
Екі жылдан кейін Маңғыстау облысының енді экс-әкім болып отырған Ноғаев өз сұхбатында погромдардан қалай сақтанды деген сұраққа былай жауап береді:
«Меніңше, «мен елден кетпеймін» деген Президенттің табандылығы мен ұстанымы шешуші рөл атқарды. Оның сөйлеген сөзінен мемлекет бұл қиындықтарға қарамастан, құламайтынын аңғардық.
Мен Маңғыстау облысының тұрғындарына, қарттарға, жастарға, алаңда тұрған мұнайшыларға түсіністік танытқандары үшін алғыс айтамын. Олар тәртіпті өздері орнатты. Арандатушылыққа жол бермеді.
«Мәселені өркениетті түрде шешеміз» деді. Күні-түні жүріп, қадағалап отырды. Тек Ақтауда емес, облыстың барлық елді мекенінде осылай болды. Олардың саналы әрі тәрбиелі шешімі, және ең бастысы, арандатушылықтың алдын алуға деген талпыныс бүлікке жеткізбеді».
МӨЕК: су
Облыстың бұрынғы басшыларынан «мұраға қалған» МӨЭК-тегі мәселелер Нұрлан Ноғаев кезінде де болды. Бұл комбинат артына бүкіл пойызды сүйретіп бара жатқан алып локомотивті еске салады. Нысан аймақ өмірінде шешуші рөл атқарады, маңыздылығына қарамастан, көп жылдар бойына жөндеу көрмегендіктен, тот басып қалған. Сондықтан Ноғаев басқарған кездегі алдыңғы қатарлы міндет – зауытты әкімдік балансына өткізу болды. Бірнеше жылдан кейін бұл маңызды және дер кезінде қабылданған шешім болды деп айта аламыз. Неге екенін түсіндіріп көрейік.
Алдымен, Маңғыстау облысында бірде-бір табиғи су көзі жоқ, сондықтан мұнда тұщы су теңіз суынан өндіріледі. Каспий теңізі деңгейінің күрт төмендеуі зауыттың тұрақты жұмысына әсер ете бастады. Осылайша, 2023 жылдың қаңтар айының ортасында облыста тұрақты аяздың салдарынан теңіздің жағалау бөлігі ғана емес, ЖЭО-1 электр станциясының су алатын арнасы да қатып қалды. Соның салдарынан Ақтау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің тұрғындары қалыпты су құбырынан айырылды.
Каспийдегі тұщыландыру зауыты да монополистке тәуелді, сондықтан тағы бірнеше аудан мен бүкіл туристік аймақ, соның ішінде Rixos қонақүйі судан ажырады. Арнаны босату үшін кәсіпорын коммуналдық қызметтің барлық күшін пайдаланды. Нәтижесінде бірнеше күннен кейін мұзды ерітіп, арнадағы су деңгейін арттыруға мүмкіндік туды.
2023 жылдың жазында Маңғыстау атом энергетика комбинатында тағы бір ақау орын алды. Апат Қазақстанның батысында жаппай электр қуатының үзілуіне, сондай-ақ көрші облыстағы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы төтенше жағдайға, бірнеше қалада ауыз су берудің тоқтап қалуына және мұнай компанияларының жұмысын тоқтатуға әкеліп соқтырды.
МӨЭК-ті мемлекет меншігіне беру туралы шешімнің уақытылы қабылданғаны жоғарыда айтылды: өкілеттіктер көп болғандықтан, жергілікті билік зауытқа ақша бөліп, кәсіпорын мен инженерлік желілерді толық жаңғырту басталды.
2023 жылы МӨЭК-те жөндеу жұмыстарына 9,4 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде МӨЭК инвестициялық бағдарламасы шеңберінде 6,8 млрд. теңге және Маңғыстау облысы әкімдігінің резервтік қаражатынан 2,6 млрд. теңге. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резервтік үкімет қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 4,9 млрд. теңге бөлді).
СУ ТАПШЫЛЫҒЫМЕН КҮРЕСУ
Маңғыстау облысының әкімі ретінде Нұрлан Ноғаев ауыз судың үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз ету өңір үшін өзекті мәселе екенін бірнеше рет айтқан болатын. Бір жыл бұрын журналистер Нұрлан Ноғаевтан сұхбат алған. Сол кезде Ноғаев Маңғыстау облысындағы су мәселесі 2025 жылы шешілетінін айтқан. Бірақ, енді көріп отырғанымыздай, ол кезде Ноғаев әкім болмайды.
«Мен аймақтың лайықты дамуын қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасағым келеді. Инфрақұрылымды ауыстырып, өңірді сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асырсақ, «Мен өзіме тәуелді болғанның бәрін істей алдым» деп айтуға осының өзі жетеді деп ойлаймын», - деді Нұрлан Ноғаев 2023 жылы.
Айта кетейік, Ноғаев әкім болған кезінде су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған тоғыз жобаны қолға алған.
Жалпы қуаттылығы тәулігіне 286 мың текше метр суды құрайтын бұл жобаларды жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүріп жатыр және 2025 жылға дейін аяқталады. Алғашқы жобалардың бірі – қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған және тәулігіне 17 мың текше метр су өндіретін «Қаражанбас» кен орнындағы тұщыландыру қондырғысы. Бұған дейін кәсіпорын суды «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан алатын. Енді босатылған 17 мың текше метр су Жаңаөзен қаласы мен Жетібай, Ақшымырау, Мұнайшы, Тұщықұдық, Қызан, Бейнеу және басқа да елді мекендер тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталады.
Биыл облыста су тапшылығының деңгейі тәулігіне 77 мың текше метрден 11 мың текше метрге дейін төмендейді деп жоспарлануда. Бұл Сайын Шапағатов, Баянды, Ақшұқыр ауылдарындағы, сондай-ақ Ақтаудағы, Форт-Шевченкодағы, Кендірлідегі және Қаражанбас кен орнындағы су тұщыту қондырғыларының өнімділігін арттыру арқылы, «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры мен Маңғыстау электр станциясының арқасында мүмкін болады.
Облыста ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін қуаттылығы тәулігіне 146 500 текше метрді құрайтын 10 тұщыту зауыты мен қондырғы құрылыстары, сондай-ақ бір магистралды су құбырын қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.
Ашықтық
Халықпен кездесуден қалыс қалмайтын саясаткерлердің бірі – Нұрлан Ноғаев. «Әкімдік» қызметінде болған үш жыл ішінде облыстың экс-басшысы Маңғыстау облысының барлық аудандарын бір емес бірнеше рет аралады: қала, аудан және ауыл тұрғындарымен барлығы 122 кездесу өткен екен. Ноғаев сол кездесулердің барлығында 5-6 сағат отырып, соңғы сұраққа дейін жауап беретін.
Бір қызығы, Ноғаев әлеуметтік желілердегі тенденцияларды ұстанды: оның Маңғыстауға тағайындалғаннан кейінгі алғашқы бұйрығының бірі тұрғындар үшін Telegram чатын құру болды. Ол орынбасарларынан бастап, коммуналдық кәсіпорындардың басшыларына дейін чатқа қосылуға міндеттеді. Қазір бұл Telegram чатында 20 мыңға жуық адам отыр, оған кез келген адам тіркелусіз кіріп, сұрақтарына жауап ала алады.
Метан газына көшу
Естеріңізде болса, 2022 жылдың қаңтар айындағы оқиғалар көлік иелерінің 90% астамы пайдаланатын сұйытылған газ бағасының күрт өсуінен басталды. Жанармайдың бұл түріне сұраныстың жоғары болуы айтарлықтай қиындықтар туғызды. Ноғаев сұйытылған газ жүктемесін азайту үшін қоғамдық көлікті метанға ауыстыруды ұйғарды.
2023 жылдың қараша айында облысқа метанмен жүретін 30 жаңа автобус жеткізілді. Автобустарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін облыстағы алғашқы метан газ құю бекеті іске қосылды.
Жалпы, Нұрлан Ноғаев тұсында облыста автобус паркін жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айта кеткен жөн. Үш жылдың ішінде Маңғыстауда 178 жаңа автобус пайда болды, оның 120-сы метанмен жүреді.
«Жаңа автобустарда газ қозғалтқыштарын пайдалану зиянды шығарындыларды азайтуға және субсидиялау саласындағы бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға көмектеседі», - деп түсіндірді Нұрлан Ноғаев 2023 жылы.
Облыста жаңа метан автобустарының пайда болуының арқасында бірнеше онжылдықта алғаш рет «Ақтау-Жетібай», «Ақтау-Бейнеу», «Ақтау-Шетпе», «Ақтау-Құрық», «Ақтау-Форт-Шевченко» бағыттарында таксиден әлдеқайда арзан автобус іске қосылды.
Заңсыз құрылыс
Нұрлан Ноғаевтың келуімен Маңғыстауда заңсыз құрылыс салушыларға «соғыс» жарияланды. Әкімдікте өткен ондаған жиын осы өзекті мәселеге арналды: инженерлік желілерге салмақ түсірген қаланың бейберекет дамуын тоқтату керек болды.
– Кейбір үлескерлер құрылыс салушылармен бірге өз жауапкершілігін мемлекетке жиі аудара салады. Олар заңсыз ақша жинап, рұқсатсыз үй салып, сосын біздің кесірімізден үйге газ, жарық қосылмайды деп халықты бізге қарсы қояды», - деді Нұрлан Ноғаев 2023 жылы.
Ноғаев құрылысты заңсыз салатындар үлескерлердің атын жамылып, оларды митингілер мен ереуілдерге арандататынын түсінген соң, олармен күресудің барлық заңды әдістерін қолдана бастады. Әкімдік сот арқылы бес ғимаратты бұзуға қол жеткізді. Қалған нысандар сот шешіміне байланысты демонтаждауға кезекте тұр. Ақтауда соңғы салынып біткен бес қабатты тұрғын үй 2023 жылдың соңында бұзылды. Бұл «Ақ желкен» тұрғын алабындағы үй болатын. Құрылыс салушының рұқсаттары болмаған және құрылыс сәулет-техникалық қадағалаусыз жүргізілген. Құжаттарды заңдастыруға үй иесіне бір жыл уақыт берілген, бірақ ол талаптарды елемей, барлық пәтерлерді сатқан.
Жердің қайтарылуы
Нұрлан Ноғаев заңсыз құрылыспен күресумен қатар, жер телімдерін заңсыз беру жағдайына да көп көңіл бөлді. Ноғаев тұсында Маңғыстаудағы жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып жатқаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялана бастады.
2023 жылы Маңғыстауда үш жылдың ішінде алтын алқаптар деп аталатын 3 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды.
«Мәселен, 2004 жылдан бері игерілмей жатқан жалпы көлемі 255,5 га болатын жағалау аймақтарындағы 6 жер телімі, сондай-ақ жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, құны 1 млрд теңге болатын «OilRealEstate» ЖШС-не тиесілі 225 гектар жер учаскесі қайтарылды», - деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы 2023 жылы.
Әрі қарай не болады?
Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының 11-ші әкімі болып Серікбай Трұмовтың орнына келген еді. Облыстың келесі басшысы кім болатыны әзірге белгісіз. Маңғыстау облысының экс-әкiмi, яғни, Нұрлан Ноғаевтың алдағы саясаттағы тағдыры әзірге белгісіз.