Маңғыстау облысында «Өрт-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Тактикалық жаттығулар барысында 150-ден астам адамның қатысуымен Төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын техника мен құралдар таныстырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «2024 жылғы өрт қауіпті кезең жағдайында төтенше жағдайды жою кезіндегі іс-қимылдарға басқару органдарын, күштер мен құралдарды дайындау»тақырыбы бойынша оқу-жаттығу дайындығы 15-16 мамыр күндері өткен.
- Оқу-жаттығу барысында төтенше жағдай кезінде қолданылатын техника мен құралдар таныстырылды. Олардың дайындығы іс жүзінде тексерілді. Дала өртін жою бойынша өрт-тактикалық жұмыстың схемалық жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, өрттің таралуын болдырмау үшін өрт сөндіру қызметі келгенге дейін қолданылатын алғашқы әдістер айтылды. Сондай - ақ ТЖ кезінде пайдаланылатын қызметкерлердің жабдықтары мен қорғаныс киімдері көрсетілді, - деді Маңғыстау облысы ТЖД бастығының орынбасары Александр Алексеев.
Өрт сөндіру қызметінің төтенше жағдайларға дайындығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және өңірлік ТЖД бастығы Мұрат Мұханов тексерді. Оқу-жаттығуға Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Өрт сөндіру жасағы, сондай-ақ коммуналдық қызметтер, полиция, жедел жәрдем және электрмен жабдықтау қызметінің қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығуға жеке құрамның 156 қызметкері, сондай-ақ 62 түрлі техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін жедел штабта қорытынды шығарылды. Барлық бөлімшелер тапсырманы орындағаны атап өтілді.