Ақтауда жыл басынан бері 3 589 ағаш отырғызылды. Оның қатарында 1 867 дана жапырақты, 1 722 дана қылқан жапырақты ағаш бар. Сонымен қатар 4 000 көпжылдық гүл отырғызылды. Жүргізілген дендрологиялық жоспарға сәйкес, қазіргі таңда қалада 90 мыңнан аса ағаш бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарымен көгалдандыруға жауапты мекеме қызметкерлері айналысады. Солардың бірі - Ақтөре Жанаева. Ол коммуналдық салада 1996 жылдан бері еңбек етеді. Оның айтуынша, күнделікті жасыл желектерді күтіп, баптау бойынша бірнеше бригада жұмыс істейді.
-Қазір цех басшысы болып қызмет атқарамын. Жұмысымыз таңғы 08:00-де басталады. Қала бойынша әр бригада бөлініп жұмыстарын жасайды. Мысалы, бұтақтарды қиятын арнайы бригада бар. Жалпы талды егу үшін шұңқырын қазып, арнайы тыңайтқышын саламыз. Талды салғаннан кейін, ауасын шығарып нығыздаймыз. Ал ағаштарды әртүрлі аурулардан сақтау үшін дезинфекция жұмыстары жасалуы қажет. Бұл жұмыстар сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейін жүргізіледі, - деді коммуналдық сала қызметкері Ақтөре Жанаева.
Ақтау қаласындағы барлық ағаш «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағынан» алынады. Мамандардың айтуынша, қалада Маңғыстау топырағына бейімделген ағаштар арқылы көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы ретте «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының» бас директоры Ақжүніс Иманбаева Ақтау қаласында өсетін ағаштардың ерекшелігін айтты.
-Әрбір өсімдікті көбейту жолы әртүрлі. Мысалы, катальпа ағашы суарумен қатар, күннің ыстығымен тез өседі. Гледичия мен софораны ыстық суға салып, көктемде шығара бастаймыз. Ал кейбір өсімдіктерді қараша айында еккен дұрыс. Себебі олар стратификациядан өту қажет. Жалпы соңғы кезде Ақтау қаласындағы жасыл желектің жағдайы жақсы деп айта аламыз. Жаңа шағынаудандарда отырғызылған ағаш көп. Ә. Кекілбаев атындағы облыстық музей маңында, 32А және 31А шағынаудан арасындағы жолдың бойында жасыл желектер жайқалып өсіп тұр, - деді «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының» бас директоры Ақжүніс Иманбаева.
Ағаштардың өсуіне қажетті жұмыстардың бірі - суару. Суару жұмыстары мердігер мекеме тарапынан күнделікті жүргізіледі. Қаладағы жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қадағалайды.
-Мердігер мекеме тарапынан жүргізілетін жасыл желектерді суару, отырғызу, түптерін қопсыту, тыңайтқыштарды салу, әктеу, ағаштардың қураған бұталарын кесу жұмыстары қадағаланады. Ай сайын техникалық қадағалаушы ботаникалық бақ тарапынан атқарылмаған жұмыстар бойынша тиісті анықтама ұсынылады. Ұсынылған анықтамаға сәйкес, тиісті акт жасақталып, мердігер мекемеге кемшіліктерді жою бойынша хабарлама жолданады, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.
Жалпы биыл қалада жалпы саны 4 581 жапырақты, 2 650 қылқан жапырақты ағаш, 900 раушан гүлі және 20 000 бұта отырғызу жоспарланған.