"Аққала", "Сұлтан" және "Мұрагер" атты үш салынбаған тұрғын үй кешендерін бұзу туралы ақпаратқа алаңдаған үлескерлер Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиевке шағымдарын жеткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салымшылардың айтуынша, "ИСА групп" компаниясының басшылығы тергеуде, ал олардың үйге салған ақшасы мен баспанасы не болатыны әзірге белгісіз. Салынған қаражаттың жалпы сомасы 6 миллиард теңгені құрайды.
-Бізге мәселені шешеміз деп уәде берді. Алайда, ешқандай әрекет көріп отырған жоқпыз. Не істеуіміз керек? Кімді тыңдау керек? Егер "Иса групп" құжаттары дұрыс болмаса, онда неге барлық билбордтарда жарнама орналастырылды, блогерлер оларды жарнамалады, автобустарда да жарнамалары болды? Оларға кім рұқсат берді? Екі жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырдық. Егер құжаттары болмаса, неге қала орталығында нысан салады? Құзыретті органдар қайда қарады? Неліктен бұл компания бір емес, бірнеше үйді заңсыз салды? Осыған байланысты ажырасу алдында тұрған отбасылар да бар. "Сұлтан" тұрғын үй кешенінің 224 пәтерінің 184-і сатылды. Бұл мәселе 2020 жылдан бастап созылып келеді, медиацияның көмегімен шешуге уәде берілді. Үйді бұзу туралы шешім қабылданса, біз көшеде қаламыз ба? – дейді "Сұлтан" тұрғын үй кешенінің үлескері.
Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқалидің айтуынша ведомствоаралық комиссия құрылған. Рұқсат құжаттары жоқ және бұзуға жататын 11 нысан қаралған. Барлық құжаттарды уақытылы рәсімдеген кезде комиссия құрылысты жалғастыруға мүмкіндік бере алады. Алайда, "Сұлтан" ТК мәселесіне келетін болсақ, қазір "алаяқтық" фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр және сот шешімінен кейін ғана нақты шешім болады.
- Жақын арада комиссия отырысы өтеді, онда "Сұлтан" тұрғын үй кешенінің мәселесі қаралады. Егер Кәсіпкерлік кодекстің талаптары сақталмаса, онда объектіні тексеруді тағайындауға болады. Мораторий кезінде егер тұрғындарға қаіптілігі болған жағдайда нысандарға тексеру жүргізілді. Сол кезеңде заңсыз құрылыс фактілері белгілі болды, қазір біз барлық нысандарды бақылауға алдық. Мен де заңсыз құрылысқа қарсымын. Нысанның құрылысын бастауға рұқсат жоқ. Қабырғалар арасында байлам бар ма, жоқ па, қандай арматура, қандай құрылыс материалдары қолданылғанын білмейміз. Ал егер рұқсат берсек, ертең салдарына біз жауап жауап береміз, - деді Дәурен Өтепқали.
"ИСА групп" компаниясының тағы екі нысанын бұзу туралы шешім қабылданған, олар - "Мұрагер" және "Ақ қала" тұрғын үй кешендері.
- Президент жастарға қолдау көрсетейік деп жиі айтады. Бірақ ешқандай қолдау, көмек жоқ. Мен де "Мұрагер" тұрғын үйінің салымшысымын. Құрылыс жұмыстары қашан аяқталуы керек? Неліктен кешенді бұзу туралы ақпарат қайта-қайта тарап жатыр? Күйеуім мен үш балам көшеде қалсақ бізге кім көмектеседі? Пәтер ақысын кім төлейді? "Мұрагер" тұрғын үй кешенінде 3 қабатқа дейін салынып болды. Мен үш жыл бойы пәтер жалдадым. Прокуратураға да жаздым, бірақ жауап жоқ. Ақтау қаласының әкімі мен прокуратурадан осы мәселені жеделдетіп шешуді сұраймын. Құрылыс салушы жұмысын аяқтасын немесе ақшаны қайтарсын, - деді "Мұрагер" тұрғын үй кешенінің тағы бір салымшысы.
- «Мұрагер» тұрғын үй кешеніне мемлекеттік сараптамадан құжаттар берілген жоқ. Сондықтан бұзу туралы мәселе көтерілді. Салынған үйлерді бұзатын халықтың жауы емеспіз, бірақ тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде қауіпсіздік нормаларын сақтау да қажет. Түркияда не болғанын көріп отырмыз.
Құрылыс салушы адамдарды алдап ақша алды, бірақ өз міндеттемелерін орындамады. Қазір құрылыс компаниясының барлық мүлкі мен басқа да құралдарына тыйым салынды. 8 үйдің салымшылары шығынға ұшырап отыр. Тергеу шаралары жүргізілуде. Құрылысты ары қарай жалғастыруға сот шешімі шықса, жалғастырады. Сот шешімі шыққанға дейін біз болжам жасай алмаймыз. Кейбір компаниялар техникалық шарттарды, құрылысты келісу талонын алмай жұмысты бастады. Осыған байланысты қазір жылу, су және электр қуатын қосуда қиындықтарға тап болды. Біз заң аясында құрылыс салушыларды жауапкершілікке шақырамыз. Соттың шешімін күтейік, одан кейін тағы да кездесіп, мәселені қараймыз , - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Бүгінгі таңда қала аумағында 128 тұрғын үй салынуда. Оның 24-інің құрылыс салуға рұқсаты жоқ.