ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жеңіс Жарылғапұлын еске алуға арналған бокстан ІІ республикалық турнир басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараны қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, екі дүркін Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен Жеңіс Жарылғапұлының жұбайы, арнайы шақырылған қонақтар ашып беріп, боксшыларға сәттілік тіледі.
Ересектер арасындағы аталмыш турнир үш күнге созылмақ. Республиканың 11 өңірінен және жақын шетелдерден келген 70-тен астам спортшылар 14 салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеу үшін сынға түседі. Ал бокс бәсекесінің басты жекпе-жегі кәсіпқой боксшылар жаңаөзендік Уәлихан "Адай" Бисенкулов пен әзірбайжандық Казим "Руки мартиано" Умудовпен арасында болмақ.
Айта кету керек, аталған шара "ERZHANOV boxing club" бокс клубының ұйымдастыруымен Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өтуде. 18 мамырға дейін созылатын додаға қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін.