Ақтауда тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен ерлер және әйелдер арасында командалық ҚР чемпионаты басталды. Спорттық іс-шара 22 мамырға дейін жалғасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ел чемпионатының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Даулет Абдикаримов, Халықаралық дәрежедегі төреші Бауыржан Тулегенов қатысып, сәттілік тіледі.
- Бүгін облысымызда қазақтың зияткерлік ұлттық ойыны - тоғызқұмалақтан ел чемпионаты ұйымдастырылып отыр. Үздік шыққан спортшылар биыл Астанада өтетін V Көшпенділер ойынына іріктеледі. Жалпы, дәстүрлі ойындарды өткізудің мақсаты – тарихи-мәдени, атап айтқанда этномәдени дәстүрлерді жаңғырту деп білемін, -деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.
Чемпионатқа 3 қала мен 12 облыстан 176 спортшы, оның ішінде 96 ер, 80 әйел қатысады. Олардың қатарында 6 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері , 20 халықаралық дәрежегі спорт шебері, 34 ҚР спорт шебері, ҚР спорт шеберіне үміткер және І, ІІ дәрежелі спортшылар бар.
«Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтіп жатқан ел чемпионатына Маңғыстау өңірінен 12 спортшы (6 ер, 6 қыз бала) бақ сынайды.