Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қалада инженерлік желілер жүргізілмей тұрған жерлерге құрылыс салуға рұқсат бермеуді тапсырды. Бұл туралы қала басшысы сәулет және қала құрылысы бөлімімен өткен жиналыста айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үш тәсілмен іске асырылады. Біріншісі — бірыңғай оператордан кепілдік алу, екіншісі — екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы қажет. Үшінші тәсіл бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады. Жиында қала басшысы инженерлік желілер жүргізілмеген жерлерге құрылыс салуға рұқсат бермеу керектігін атап айтты.
- Қалада салынып отырған барлық құрылыс нысандарын архитектура мен құрылыс бөлімі қадағалау керек. Инженерлік желілер жүргізілмей тұрған орындарда құрылыс салуға рұқсат бермеу қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Себебі судың, жылудың, тоқтың жетіспеушілігі тікелей осы мәселеге байланысты, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ақтау қаласы бойынша үлескердің қаражатын тартуға рұқсаты бар үш тұрғын-үй кешені бар. Атап айтқанда, 29А ш/а «БС Строй» ЖШС-нің «Адал Таун» тұрғын үй кешені, 20 ш/а «СК Строй» ЖШС-нің «Достық» тұрғын үй кешені, «ДримВилаж» ЖШС-нің жылы жағажай аумағындағы «Актау Ривера-2» тұрғын үй кешенінің үлескер қаражатын тартуға рұқсаты бар.
Қалада кейбір тұрғын үй құрылыстарына үлескерлер қаражаты заңсыз тартылуда. Мұндай заңсыздықтың салдарынан қала аумағында бүгінгі таңда 9 проблемалық тұрғын үй құрылысы анықталып отыр. Олар «Сұлтан» ТҮК - 20 ш/а (Заңсыз-бұзу көзделген), «Аққала» ТҮК - 29«А» ш/а(Заңсыз-бұзу көзделген), «Жанұя» ТҮК - 16 ш/а, «Адал» ТҮК - 16 ш/а, «Керуен» ТҮК - 16 ш/а, «Лепес» ТҮК - 16 ш/а, «Бақыт» ТҮК - 19 ш/а, «Мұрагер» ТҮК-32В ш/а(Заңсыз-бұзу көзделген), «Атамекен» ТҮК - 17 ш/а.