ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында стихиялық қоқыстарды жою шаралары талқыланды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өткен жылдың қорытындысына сәйкес ғарыштық мониторинг көмегімен анықталған стихиялық қоқыс үйінділерінің 77%-ы жойылғанын баяндады. Осы жылдың мамыр айынан бері 5578 қоқыс орны анықталып, оның небары 50%-ы жойылған. Қоқыстарды жою жұмыстарының төмен көрсеткіштері Абай және Маңғыстау облыстарында – 16% тіркелді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, төсен көрсеткіш деңгейі Ұлытау облысында – 20% және Астанада – 30% тіркелген.
Стихиялық қоқыс үйінділері пайда болуының алдын алу үшін қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне заңнамалық деңгейде лицензиялау мен хабарлама тәртібі енгізілді, фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау міндеті қосылды, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі өсті. Бұл ретте, заңсыз қалдықтарды тасымалдау фактілерін анықтау мақсатында ведомствоаралық мобильді топтар рейдтер жүргізеді. 2023 жылы 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Бүгінгі таңда GPS датчиктердің көмегімен қоқыс шығаратын техниканың қозғалысын бақылаудың ақпараттық жүйесі сынақтан өтуде. Келесі жылы оны өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Маңғыстау облысында рұқсат етілмеген үйінділерді жоюдың ең төмен көрсеткіші байқалғанын атап өтті. Бұл көрсеткіште антирейтинг бойынша да Абай ауданы көш бастап тұр. Өңір әкімдері Нұрлан Ноғаев пен Нұрлан Ұранхаев атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты түсініктеме берді.
Үкімет басшысы құрылыс қалдықтарына арналған полигондардың бар екендігі туралы тұрғындарды хабардар ету, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинауды, оларды одан әрі сұрыптауды, қайта өңдеуді және кәдеге жаратуды белсенді енгізу қажеттігін атап өтті.
«Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда қоқыс полигондарын ұйымдастыру ісіндегі басты проблемалардың бірі тарифтер мен талаптарға және заңдық нормаларға байланысты. Олар әсіресе, шағын елді мекендерде ертеден қалыптасқан қоқыс төгетін орындар үшін барынша икемді болуға тиіс. Әйтпесе, полигондардың жұмысын заңдастыру мүмкін болмайды», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы 1 қарашаға дейін өңірлерде Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту қажеттігін және жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есеге қысқартуды талап етті.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті мәселелерін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарламаларына енгізуі қажеттігін атап өтті.
«Қалдықтарды бөліп жинау және қайта өңдеу біздің іс-әрекетіміз бен мінез-құлқымыздың маңызды бөлігіне айналуы қажет. Осы тапсырмалардың орындалу қорытындысын жыл соңында Үкімет отырысында тыңдаймыз», — деді ол.