Ақтауда 26 қыркүйек күні қала жастарының қатысуымен шағын футболдан жарыс өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 20-ға жуық спортшы қатысты. Тартысты бәсекеде қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан қатысқан 4 команда бақ сынады. Жарыс жеңімпаздары диплом, медаль және кубоктармен марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Ақтау көлік колледжінің командасы иеленді. Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің командасы ІІ орынды қанжығасына байласа, Маңғыстау энергетикалық колледжінің командасы ІІІ орынға тоқтады.
- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және студенттерді спортпен айналысуға шақыру. Алдағы уақытта қала жастарының қатысуымен бірқатар іс-шара ұйымдастырылады,- деді Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының директоры Серік Жомартов.
Сондай ақ номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. Атап айтқанда, Нышанбай Болатов «Үздік бомбардир», Бекзат Тұрақбай «Үздік қорғаушы», Қалдыбек Әбенов «Үздік қақпашы», Ернұр Аязбаев «Үздік шабуылшы» номинациясын жеңіп алды.