Ақтауда әскерге шақырылғандарды салтанаты түрде шығарып салды. Күзгі шақыру аясында Маңғыстау облысынан 600-ге жуық жеткіншек әскери борышын өтеуге аттанады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент жанындағы жиын пунктіне әскерге шақырылғандардың отбасылары, достары мен жақындары жиналды. Маңғыстау облысы бойынша жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау департаментінің бастығы Ғалым Андалиевтің айтуынша, бұл лек – әскерге шақырылғандардың алтыншы легі. Жас жігіттер әскери борышын өтеуге Алматы облысының Қонаев қаласына жеткізілді.
– Бұл әскерге шақырылғандардың 25-і Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэро-шабуылдаушы әскерлері қатарына қосылса, 10-ы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жіберіледі. Бұған дейін жігіттердің денсаулығы мен әскери қызметке психологиялық жарамдылығы тексеріліп, аталған бөлімшелерге жазылуға мүмкіндік берген. Жігіттерге жемісті қызмет етіп, елге аман-есен оралуын тілейміз», – дейді Ғалым Андалиев.
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 120 адамнан тұратын Шекара қызметінің құрамаларын жөнелту аяқталып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бірінші командасы жөнелтілді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына шақырылғандардың жалпы саны 250 адамды құрайды. Алда әлі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан командалары бар.
Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Балтеміровтың айтуынша, жастардың барлығының дені сау, әрқайсысымен әңгімелесу жүргізілді.
– Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін кадрлық толықтыру жоспары 110 пайызға орындалды. Әскерге шақырылушылар саны артып келеді. Әскери борышын өтеуге ниет білдірген болашақ сарбаздардың қатары күн санап артуда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын тапса деймін», – дейді Руслан Балтемиров.
Қабылдау учаскесіне жиналған әскерге шақырылғандардың барлығы туған жер алдындағы борышын өтеуге мүмкіндік алғанын мақтан тұтады. Олар өздеріне сенімді, сондықтан әскердің қиындықтарынан қорықпайды.
Есенов атындағы университеттің 2-курс студенті 18 жастағы Шапағат Алғалиев бүгін Қонаев қаласына аттанады.
– Менің болашақ мамандығым – дене шынықтыру мұғалімі. Ол күшті, беріктікті, тәртіпті талап етеді. Мұның барлығы әскерде шыңдалады. Ал, жалпы, қызмет – кез келген нағыз ер азаматтың парызы», – дейді әскерге шақырылушы.
Тағы бір айта кететін жайт, салтанатты іс-шарада жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерімен бірлесе отырып, Шекара қызметіне шақырылғандардың легін жасақтаған Шекара қызметінің мамандарына Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.