Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының жаңа І және ІІІ орамдарын электр желісімен қамту жұмыстары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл әкімі Еркебұлан Жәнібектің айтуынша, аталған жерлерге жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңадан жер учаскелері дайындалып жатыр.
-Бас жоспарға сәйкес, ауылдың резервтегі жерлерінен жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін учаскелерді дайындау мақсатында біраз жұмыстар жүргізілуде. Осыған дейін 800-ден астам учаскеге газ желісі тартылды. Биыл сол учаскелердің жартысында электр желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін толықтай жұмыстары аяқталады. Содан соң кезектілік бойынша бұрын жер учаскесін алмаған азаматтарға беріледі. Ескеретін жәйт, ауылда кезектілік 2006 жылдан бері қалыптасқан, дейді ауыл әкімі Еркебұлан Жәнібек.
Айта кетейік, мердігер мекеме «Элком» ЖШС. Жобада трансформаторлар мен көше жарығының шамдары да қаралған.