Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында күніне 1000 текше метр су шығаратын қондырғы іске қосылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы уақытқа дейін «Aura» демалыс кешенінде 300 текше метр су тұщыту қондырғысы болған болса, қазіргі таңда 1300 текше метрге дейін арттырды.
«Алека» ЖШС теңіз жағалауынан 15 құдық қазып, арнайы су тұщыту қондырғылары көмегімен резервуарға жинайды. Қондырғы қазіргі уақытта Сайын Шапағатов елді мекенінің 4-орамының 13 көшесіндегі құбырға қосылды.
Ауыл әкімі Сайран Қылыштың айтуынша, қазіргі таңда «Алека» ЖШС 400 кубқа дейін су жіберуде. Алдағы уақытта толыққанды қосылады деген жоспар бар.
-Қазіргі таңда ауылымызда ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. Ауыз су мәселесін шешу мақсатында «Алека» ЖШС 1000 текше метр ауыз сумен қамтамасыз ететін құбыр іске қосып жатыр. Аталған зауыт бастапқы кезеңде 250 текше метр су тұщытса, бүгінгі күні күнделікті 400 текше метр тұщытады. Яғни, кезең-кезеңімен көтерілуде. Қазіргі кезде тәулігіне 24 сағат бойы 4 және 5-орамның тұрғындарына ауыз су берілуде. Алдағы уақытта толық іске қосып, тұрақты сумен қамту жоспары бар, - дейді ауыл әкімі.