Ақшұқыр ауылының 1500 учаскесін газбен қамту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан газ мәселесіне қатысты сұрақтар туындап жүр. Ақшұқыр ауылының әкімі Еркебұлан Жәнібектің айтуынша, түгендеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, ауыл ішінде теңіз жағалауындағы, Бегей жеріндегі жерлерді қосқанда 1500 учаскеге газ желісінің қажеттілігі анықталып, жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Биыл қаржы мәселесі шешіліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған құрылыс толыққанды аяқталғаннан кейін ауылдағы газ мәселесі бір жола шешіледі.
- Ауылда осыған дейін жаңадан салынған үйлерді газбен қамтуда біраз мәселе болды. Биыл тұрғындар көптен күткен көгілдір отынға қолдары жетіп, өз үйлерінде тоңбай қыстауға мүмкіндік алады. Әсіресе Бегей көшелеріндегі тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Ауылда газбен қамтудан бөлек, электр желілерін тарту, ескі желілерді жаңарту, көшелерді жарықтандыру және асфальттау секілді ірі жобаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыстар жасалуда, - деді ауыл әкімі.
Мердігер мекеме - «Шебер құрылыс» ЖШС. Жалпы жоба 54 880 метр аумақты қамтиды. Жоба аясында І, ІІ, V кварталдарындағы, Т. Кезбаев, Ж. Қазиев, Қ. Бекжанов, Б. Әбілхайыров көшелеріндегі және Бегей жеріндегі тұрғын үйлер газбен толықтай қамтылады.
Аталған жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.