8 қазан күні Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласына Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Делегаттар қатарында Арменияның құрметті консулы Погосян Арутюн, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Амирханян Аветик, Қазақстан Республикасының барлық армяндары қауымдастығының төрағасы Артуш Карапетян және әр аймақтардағы армян ЭМБ төрағалары мен армян шіркеуінің өкілі болды. Қонақтарды Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров күтіп алды.
Арменияның Қазақстандағы елшісінің іссапары биыл қайта жөндеуден өткен Армян шіркеуімен танысудан басталып, христиандар қауымына барды.
Кейін делегаттар Маңғыстау этнографиялық музейіне барып, өлке тарихымен, қазақ, орыс және түркмен ұлттарының салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршіліктерін сипаттайтын құнды жәдігерлерімен танысты.