Бүгін, жексенбі, сағат 9:00-ден бастап «АМАNAT» партиясының барлық облыстық филиалында гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы партия төрағасы, Парламент Мәжілісінің және «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Бүгін Қостанай облысының тұрғындары жан түршігерлік табиғи апатпен бетпе-бет келіп отыр. Желдің күшімен тараған өрт барлығын қиратуда. Ормандар, кәсіпорындар, халық үйлері өртеніп жатыр. Жағдай мемлекет басшысының жеке бақылауында. Барлық қажетті шара қабылданып жатыр, Үкімет тарапынан тиісті қаражат бөлінді», - деп жазды Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін Қостанай облысына аттанатын партия мүшелері мен «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері арасынан ерікті жасақтары құрылады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, өрттің аумағы 9,4 мың гектардан асты. 1,8 мыңнан астам жергілікті тұрғын эвакуацияланды. 108 ғимаратты шарпыды және зақымдады.