Асыл бесік, алтын діңгек Ақжігіт ауылының іргесі қаланғанына 50 жыл толуына арналған мерейлі мерейтойы 25-26 қазан күндері атап өтілді. Кәрі құрлық Еуропа мен руханияты гүлденген Орталық Азияны байланыстырып тұрған Үстірт қыратындағы құтты мекендегі дүбірлі той екі күнге жалғасты. Аудан орталығынан 60 шақырым оңтүстік - күншығыста, Үстірт қыратында, 35 мың гектарға жуық аумақты иеленген Ақжігіт ауылының орталығы Орта Азия бағытындағы теміржол бойына орналасқан. Бүгінгі таңда ауылдың 2,5 мыңнан асқан тұрғыны бар. Нарық жүйесіне көшкен ауылда шаруа қожалықтары көбейіп, кәсіпкерлік дамып келеді. Ауыл өркениет нышандары - электр қуаты, табиғи газ, ауыз су, кең жолақты интернетпен қамтылып, халыққа тұрмыстық және сауда қызметін көрсететін нысандар көбеюде. Мерейтойға орай ауылдың бас көшесі безендіріліп, кіре берістегі жазыққа ақшаңқай, еңсесі биік 21 үй тігілді. Жарты ғасыр аясында ауыл мектебінен түлеп ұшқан түлектер, аймағымыздағы, ауылымыздағы кәсіпкерлер мен Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде мәңгілік тыныстап жатқан Шоғы батыр атаның елдік іске жанын сала кірісетін жаны жомарт, ашық ұрпақтары негізгі ұйымдастырушылар, қаржылай демеушілер болды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес тарихтың тағылымын, өткен жылдардың өнегесін жас ұрпаққа ұқтыруға ерекше мән берілді. Салтанатты шара аталардың бүгінгі ұрпаққа аманат хатын таныстырудан бастау алды. Ауа райы жылда қоңыр күзде жауындатып, дауылдатып, құм боратып дегендей мың құбылатын құбылмалы мінезін көрсетпей, жаймашуақ қалпын сақтап, күн нұрын сеуіп,шыбынсыз жаз орнап тұрғандықтан тойға жиылған көпшілік ауылдық мәдениет үйінің алдына жиылып, аманат хат мәтінін зейін салып тыңдады. Осы орайда ауыл тарихына қатысты қысқаша тарихи деректерді оқырман назарына ұсынғалы отырмыз. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86734,86746,86735,86733"] 1930 жылдардағы зұлматтың себебінен ел босып, қаңырап қалған Үстірт пен Сам жерін қайта игеруге соғыстан соңғы жылдары көңіл бөлінді. Өңірді бес саусағындай жетік білетін Алшын Меңдалыұлы бастаған құдықшылар бригадасы 1947 жылы Үстіртке келіп, көміліп қалған ескі шыңырауларды аршып тазалап, қалпына келтіруді бастады. 1949 жылдан бастап бұл жұмыс Алшынның шәкірті Сали Оразбаевқа жүктелді. Мыңғырып өскен малы Маңғыстаудың қараойына симаған ұжымшарлар ежелгі атақонысқа оралды. Үстірт пен Сам өңіріне қоныстанған 8 ұжымшардың фермалары негізінде 1969 жылдың наурызында «Маңғыстау» кеңшары құрылды. Оның иелігінде 70 мың бастың үстінде қой, 5,5 мың бас жылқы, 2 мың бастан астам түйе бағылды (бұл кеңшар көп уақыт оздырмай Ақжігіт атымен аталғаны көпшілікке белгілі). Жуырда пайдалануға берілген «Бейнеу-Қоңырат» теміржолы бойындағы Ақжігіт стансасынан келесі 1970 жылы жаңа кеңшар орталығының іргесі қаланды. Кеңшардың алғашқы директоры Таушанбай Қорбақов болып, қожалықты одан кейін әр жылдарда Қосқуат Мамутов, Есқуат Тәңірбергенов, Берік Сәрсенов басқарды. Кеңестер Одағы ыдырап,тәуелсіз елімізде заман талабына сай жаңаша басқару жүйесі өмірге келгенде ауылдың алғашқы әкімі болып Сүймен Қойшыбаев тағайындалып, кейінгі жылдарда бұл міндетті Байнияз Таңатаров, Аманкелді Бекібаев, Б.Қосжанов атқарды. Кеңес заманында саяси ұйым-партия комитетіне Кенжеғали Борин, Муса Ходжабеков, Саламат Нұров, Құрбанбай Ғайыпбаев, еңбекшілер мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымына Нұрбай Жақашов, Орынбасар Тоқжанов, Қылыш Өтетілеуов, Талас Көкшеев, Байнияз Таңатаров жетекші болды. Мал шаруашылығы мен техника, есеп-қаржы салаларын Сисен Әбдірахманов, Наурыз Балмұқанов, Тұрназар Еділов, Ершора Қойболдиев, Қуан Есмаханбетов, Сапи Боранов, Жолберген Қылишаев, Өмірхан Айжанақов, Үсенбай Айтыманов сынды іскер де білікті мамандар басқарды. Нығымет Қалдәулетов, Бердіхан Мақсымбаев, Лесбай Қылишаев, Меңдіқұл Алпанов, Сана Таушанов, Қалмырза Төлеев, тағы басқа көптеген азаматтар еңбекқор малбегілер атанып, шаруашылықтың қарқынды дамуы жолында тер төкті. Еселі еңбек босқа кетпеді. Мал шаруашылығын дамытуда Ақжігіт кеңшары әрісі Мәскеуге, берісі Қазақстанға танылды. Бұл кеңшардан тағы екі кеңшар - 1973 жылы «Сам» кеңшары, 1983 жылы «Сыңғырлау» кеңшары еншісін алып, бөлінді. Осылайша ауданның негізінен қазақы қой өсіретін, мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін танымал ауданға айналуына сүбелі үлес қосты. Өткен ғасырдың аяғындағы ауыр жылдардағы тоқырау бұл ауылға да оңай соқпады. Нарық жүйесі енген заманның беталысын тез аңдаған азаматтар өмір көшіне жылдам аяқ қосты. Ақжігіт кадрлар дайындаудың асыл бесігі болып, ауылдың еңбек көрігінде шыңдалған көптеген азаматтар аймақ, аудан деңгейіндегі басшы, жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ақжігіт орта мектебінің бірінші түлектері арасында Басшы Әзірхановтың 27 жыл Бейнеудің әкімі болып, ауданның қанатын кеңге жайған құтты қонысқа айналуына басшылық жасап, құрметке бөленуі бұл пікірімізге айғақ. Бұл ауылдан танымал ғалымдар, өлеңдері көпшілік жүрегінен орын алған Анар Шамшадинова, Нұргүл Маулинадай ақын қыздар жарқырап шықты. Аманат хат оқылғаннан кейін ауылдық мәдениет үйінде «Ақындар мүшайрасына» өлеңдерін жолдаған 26 ақынның еңбектері көпшілікке таныстырылды. Байқау шарты бойынша авторлары құпия бұл өлеңдер әділқазылар тарапынан бағаланғаннан кейін анықталған жеңімпаздарға жүлделер келесі күні табысталатыны хабарланды. Одан кейін көпшілік назарына Еламановтардың жанұялық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Тойдың екінші күнгі бағдарламасы қонақтардың автобустарға отырып, бірқатары өздерінің көліктерімен Ақжігіт ата қорымын зияраттаумен басталды. Бір-екі жылдықта Шоғы батыр ұрпақтары күрделі жөндеуден өткізіп, төңірегін қоршаған Ақжігіт атаның аппақ тамы мен ақ күмбезі кең жазық даланы нұрға бөлеп тұрғандай әсер қалдырады. Ата қабірі басында Ақжігіт Бәкілікұлы рухына Құран бағышталды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86738,86737,86739,86736,86740"] Ата қабірін зияраттап келген халайық ауылдық мәдениет үйіне жиылып, Ақжігіт ауылының түлегі, танымал ақын Анар Шамшадинованың сценариі бойынша жасалған «Алтын бесік-Ақжігіт» деп аталатын бейнероликті тамашалады. Ақжігіт ауылының 50 жылдық мерекесіне арнайы келген осы ауылдың бұрынғы тумасы, бүгінгі таңда облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов сөз алып, облыс әкімі С.Трұмовтың құттықтау хатын ауыл әкіміне табыстап, ауыл ақсақалы Алтыбай Жалиев, «Шоғы батыр» қорының президенті, Жаңаөзен қаласындағы «Жанарыс» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңбырбай Дәрменов ауыл атауының тарихы жөнінде құнды деректермен ортақтасты. Тарихи деректерге, жер атауларына, шежіреші ғұлама Ыбырайым ахунның жырларына сілтеме жасай отырып, XVIII ғасырдың екінші жартысында бұл жер Шоғы батырдың шөбересі, Есекейдің немересі, Бәкілікұлы Ақжігіт атамыздың (бұл ата болжам бойынша 1750, әлде 1760 жылдары өмірге келіп, 60 жастан асып, өмірден озған) және оның туыстары Садық, Сарба, Шындәулет аталардың ауылдарының, кешегі қазан төңкерісіне дейін олардың ұрпақтарының қонысы болғанын жеткізді. Ақжігіт атамыз байлығы мен дәулетін елдікті нығайтуға жұмсап, қоғамда беделді тұлға болып, атқарған өнегелі істерін баяндады. Ақжігіт Бәкілікұлының есімін бұл жерге кейінгі ұрпақтар құзырлы орындарды жағалап, ресми құжат рәсімдетіп алмағанын, аруақты ата есімі тарих сындарынан өтіп, табиғи таза қалпында орнағаны ерекше айтылды. Бұл жиын қатысушыларына, әсіресе жастарға ой салатын өнегелі де әсерлі әңгіме болды. Жастықтың жалынды жылдарын осы ауылдағы екпінді еңбекке арнаған еңбек ардагері Саламат Нұров мерейлі мерейтоймен құттықтай отырып, тарихы тайға басылған таңбадай анық құтты қонысты әлде де көркейту керектігін жеткізді. Аудан әкімі Бейнеубек Әбілов ауыл халқын шын жүректен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мәдениет үйіндегі салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, «Ақындар мүшайрасының» жеңімпаздарын марапаттауға ұласты. 250 мың теңгелік бас жүлде бейнеулік жас ақын Асылбек Жаңбырбайға бұйырды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86754,86752,86755,86756,86750,86751,86753,86743,86741,86744,86742"] Ақшаңқан үйлер алдындағы алаң ұлттық спорттық сайыстарға толы болды. Палуандар күш сынасқан қазақша күрестің бас жүлдесі, 300 мың теңгені Ақжігіт ауылының тумасы «Қара бура», «Маңғыстаудың түйе палуаны» атанған Нұрдәулет Жарылғапов иеленді. Шұбат ішу сайысының бас жүлдесі үшін бір қой Шетпеден келген Киікбай Меңдіқұловқа, кір тасын көтеру мен қой көтеру сайысының бас жүлделеріне тігілген екі қой Ақжігіт ауылының тумасы Роман Жомартқа бұйырды. Арқан тарту сайысының бас жүлдесі бір қой «Шоғы батыр» командасына табысталды. 30 шақырым аралыққа «Аламан бәйге» мен 15 шақырымға «Тоқ бәйге» атқұмар көпшіліктің делебесін қоздырып, бір серпілтіп тастады. «Аламан бәйгеге» тігілген бас жүлде 2 миллион теңге бейнеулік белгілі атбегі Әбдіғали Таңатаровтың қанжығасына байланды. «Тоқ бәйгенің» бас жүлдесі 800 мың теңге Хамза Бимурзаевқа бұйырды. Жалпы «Ақындар мүшайрасы» мен спорттық сайыстарда екінші, үшінші орынды иеленгендер де қомақты сыйлықтарға ие болып, көзайым атанғандар да сый-сияпаттан құралақан қалған жоқ. Айтуға тұрарлық жәйт, Ақжігіт ауылының тойын ұйымдастырушы азаматтар мен ауыл жастары, Шоғы батыр ұрпақтары ұлттық салт-дәстүрге мән берді. Облысымыздың қалалары мен аудандарынан, Атырау, Алматы мен Жамбылдан, көрші мемлекет Қарақалпақстаннан тойға келген қонақтар ағаш үйлердегі ақ дастархандардан дәм татып, қонақжайлығы мол Ақжігіт тұрғындарының қонақтары болды. Екі күнге жалғасқан мерейтойдың соңы ауылдық мәдениет үйіндегі гала-концертке ұласып, Үстірттің түні жастар шашқан от шашумен жарқырап,қыры әсем әуенмен тербеліп тұрды.
Қартбай ҚОЖАЕВ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН