«Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде елден жырақ білім алған жастардың қатысуымен «Шетел білімі – отан игілігіне» деп аталатын кездесу өтті. Онда Қытай мұнай университетінің түлектері Саламат Айдарбек пен Ерсұлтан Исламов өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ бұл шараға Жыңғылды ауылының Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебінің биылғы түлектері қатысты. Шетелде білім алып келген мамандардың болашаққа қадам басқалы отырған жастарға айтары мен берері көп. Өз әсерімен бөлісіп, ақылы мен ізгі тілегін білдіргендердің бірі Ерсұлтан Исламов 2009 – 2011 жылдар аралығында қытай тілін меңгеріп, 2011 жылы Қытай мұнай университетіне түсіп, 2015 жылы «Мұнай ісі» мамандығын аяқтаған. Бүгінгі күнде ол – «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясының қызметкері. – Қытайда шетелдіктерге деген құрмет өте ерекше. Конфуцийдің «Алыстан қонақ келсе, ол – қуаныш емес пе?» деген сөзі бар, олар осы философиямен өмір сүріп, соны өздеріне негіз қылып алатын сияқты. Алайда Қытайда жүріп елімнің қара наны алтыннан да қымбат екенін түсіндім. Қазақ болып қалу – басты міндетің, қазақ болып қалып қазақ мәдениетіне лайықты болуың адамзатқа қосқан ең үлкен үлесің, – деп қанатты сөздерімен ойын жеткізді. Айдарбек Саламат 2011 жылы Қытай мұнай университетінің Геология, мұнай барлау факультетіне түсіп, 2016 жылы бітірген. Ал қазір Саламат – Маңғыстаудағы «Си Бу» компаниясының инженер маманы. – Қытай мұнай университеті мұнай саласын оқытатын жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарында. Білім ордасының дәрежесін түсірмеу үшін студенттерге барлық жағдай жасалған. Бірақ білімгерге қойылатын талап одан да жоғары. Оқимын дейтін адамға мұғалімдер ықпал жасайды. Қытайда студенттер мұғалімді айрықша құрметтейді. Сол жерде мен ұстаздың биік шыңын көрдім,– дейді ол. Тарихи-мәдени кешеннің экскурсия және тарих бөлімінің меңгерушісі Жомарт Айдарбек кешен тарихы жөнінде қысқаша мағлұмат беріп, ұйымдастырылып отырған кездесудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қоса бұл кездесу алдағы уақытта жыл сайынғы дәстүрге айналатын шара болады деп сенім білдірді. «Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы»,– дейді. Шетелден меңгерген тәжірибелерімен өз елінде қызмет жасап жүрген жас мамандардың қатары күн санап артып келеді. Ал бұл жағдай еліміздің дамуы мен көркеюіне үлес қосары сөзсіз.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ