17 наурыз күні «Хан Шахар» салтанат сарайында «Yessenov Аrýy men Sultany – 2021» байқауының негізгі қорытынды кезеңі өтті. Бақ сынаған 9 қатысушының ішінен Жайна Телова мен Дәурен Алғыт жеңіске жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара барысында ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, әдебиет пен тарихты, әдеп мен мәдениетті меңгерген, сонымен қатар заман ағымына сай жан-жақты, сымбатты, көзі ашық, көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті жастардың болмысы айқындалды.
Байқаудың басты мақсаты – дарынды, білімді, білікті, өнерпаздарды анықтау. Жастардың тек сыртқы келбетінен бөлек ішкі жан дүниесі, рухани көркемдігі, білімі сыналды.
Кастингтен өткен 1-4 курс аралығындағы студенттер 1 айға созылған сайыста кәсіби мамандардан білім алып, ауыл тұрмысымен танысып, қайырымдылық шараларына қатысты. Кәсіби мамандармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай отыра, балалар ауылындағы көп балалы отбасыларға қайырылымдық шараларын жасады.
«Қыздар ауылдың тұрмыс тірлігіне араласып, өз ептіліктерін көрсетсе, жігіттер атқа мініп, қазақ күресінен сынға түсті. Сол додадалардан сүрінбей өтіп, финалда креативті қойылымдары мен зияткерлік қабілеттерін көрсете білген Жайна Телова «Yessenov Arýy» және Алғыт Дәурен «Yessenov Sultany» атанды, - деді әділқазы мүшесі Әлия Тұман.
Шалқар АБЫЛОВА