Бүгін теңіз жағалауына Қазақстан табиғаты бейнеленген мурал салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Муралды Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту етіп отыр. Суретте елдің батысынан шығысына дейінгі табиғат бейнеленген. Атап айтқанда, аспанмен ұштасқан қарт Каспий, көк байрақ, Шерқала, Қаратаудың ең биік нүктесі - күмбезді Отпан тау, елордада орналасқан "Тәуелсіздік” монументі мен елдің 30 жылдық логотипі бар.
“Жағалау көпшіліктің бас қосатын орны. Сондықтан муралды теңіз жағалауына салуды жөн көрдік. Әсіресе жастар тарихтан сыр шертер муралдың жанында сәтті кадрлар жасап, видеоға түсіп серуендейді", - дейді орталық директоры Абылай Фазылбекұлы.
Еске сала кетейік, былтыр жастар дәл осы жағалауда граффити үлгіде Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақынның суреті мен шығармашылығын бейнелеген болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА