Жаңаөзен қаласындағы Қосай ата мешітінде "Зират және зиярат әдебі" тақырыбында жиын болып өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Әнуар Елжановтың ұйымдастыруымен өткен шараға Жаңаөзен қаласындағы мешіттердің имамдары қатысты. Жиын барысында өкіл имам Әнуар Ізімбайұлы ҚМДБ-ның бастамасымен құрылған "Qamqor-sharapat" салттық қызмет көрсету орталығының Маңғыстау облысы бойынша жауапты өкілі Мұхамбет Жакиевті таныстырды. ҚМДБ-ның төрағасы, еліміздің Бас Муфтиі Наурызбай Тағанұлының бастамасымен құрылған орталықтың барлық облыстар бойынша жауапты қызметкерлері бекітіліп, жұмысы басталып кетті.
- "Qamqor-sharapat" салттық қызмет көрсету орталығының басты мақсаты -жерлеу рәсімін шариғатқа сай атқару, ысырапшылдыққа жол бермеу, жаназа және жерлеу рәсімінде бірізділікті қалыптастыру. Қазір қала, аудан мешіттерінің имамдарымен кездесіп, жұмыс барысымен хабардар етудеміз, - дейді "Qamqor-sharapat" салттық қызмет көрсету орталығының Маңғыстау облысы бойынша жауапты өкілі Мұхамбет Жакиев.
Соңғы жылдары тұрғындар арасында марқұм болған жанды соңғы сапарға шығарып салу, садақа рәсімдерін өткізу және ас беру, дастархан жаюдың өзінде бәсекелестік бәсеңдемей тұр.
Сондықтан да, дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, асыл дініміздегі қарапайымдылық пен адамгершілік, ысырапшылдық пен тәкаппарлық ұғымдары туралы жиі айтып, жамағатпен жұмысты жандандыру қажет деп санайды «Qamqor-Sharapat» ЖШС-нің Маңғыстау облысы бойынша жауапты өкілі Мұхаммед Жакиев.