Маңғыстауда 2021 жылы 3 945 отбасы немесе 20 979 адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсет Шопанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, атаулы көмек сомасы 1,6 млрд. теңгені құраған.
-Сондай-ақ, 184,8 млн. теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама 5 971 балаға берілді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесі, яғни жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адам саны, облыс халқының жалпы санының 2,6%-ын құрайды,-деді Әсет Шопанов.
Сонымен қатар, спикердің мәлімдеуінше, өңірде 16 мыңнан астам мүгедекке көмек көрсетілген.
-Бүгінгі таңда облыста 29 163 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның 2 505-і І топтағы, 11 809-і ІІ топтағы, 8 285-і ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар саны – 6 564. Ағымдағы жылдың басынан техникалық оңалту құралдарын және қызметтерін алу үшін 18 770 өтініш түсті. Жылдың қорытындысы бойынша 16 212 өтініш орындалды. Техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгені құрады. Бұл бағытқа бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келетінін айта кеткен жөн. Яғни, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілген мүгедектер саны да жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылы бұл бағытқа 1,8 млрд. теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 2021 жылдың басынан техникалық оңалту құралдарын арнайы әзірленген Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алу мүмкіндігі берілген. Соның нәтижесінде мүгедектігі бар адамдар жеткізушіні және сатып алынатын өнімді таңдай отырып, өз бетінше тапсырыс бере алады,-деді басқарма басшысының орынбасары.