Маңғыстау облысында «Еңбек» бағдарламасы аясындағы «Бизнес бастау» жобасы бойынша 738 адам қайтарымсыз грант алды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсет Шопанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2017 жылдан 2021 жылға дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асты. Былтыр осы бағдарлама аясында техникалық және кәсіптік білім алуға 1 131 адам жіберіліп, 336 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған.
-Нәтижесінде оқуды бітіргендердің 77% немесе 226 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл шаралар жұмыссыз азаматтардың техникалық кәсіптік білім алуын, сондай-ақ еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлауды, одан әрі жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Жалпы, облыста жұмыссыздар саны 17 257 адамды құрайды, Жұмыспен қамту орталықтарында 10 018 адам жұмыссыз ретінде тіркелген (оның ішінде 6292-сі әйелдер, 4115-і 16-29 жас аралығындағы жастар),-деді Әсет Шопанов.
Осы бағдарлама аясында өз кәсібін ашқысы келетін және бұрын кәсіпкерлікпен айналыспағандар үшін «Бастау Бизнес» жобасы қарастырылған. Яғни, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады.
Ағымдағы жылы 1 228 адам бизнес негіздері бойынша білім алып, кейіннен өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттар мен микрокредиттерді алған.
- Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 738 адам қайтарымсыз гранттар алып, өз істерін бастады. Негізінен, алынған қаражат технологиялық құрал-жабдықтар, қажетті инвентарлар, үй жануарлары мен құстар алу үшін жұмсалды. Грант алған кәсіпкерлер қосымша 95 жұмыс орнын ашты. Грант сомасы 583 400 теңгені құрайды. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай грант сомасы 2 есеге ұлғайтылды, яғни 1, 225 млн теңге құрайды (400 АЕК). Енді «Еңбек» бағдарламасының орнына биылдан бастап «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» басталады. Алдағы уақытта түсіндіру шаралары болады,-деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, 2021 жылы 37 отбасы өз еркімен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарына қоныс аударған. Ол жерде баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.