Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты primeministr.kz сайтына сілтеме жасап.
Кеңес басында Әлихан Смайылов Маңғыстаудың ел дамуына, ұлттық экономикаға елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты. Өңірде өңдеу өнеркәсібі, мұнай сервисі, құрылыс индустриясы, көлік, логистика және туризм саласы қарқынды дамып келеді.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Өңірді дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобалардың іске асырылатынын атап өтті, бұл жаңа өнімдер шығаруға, жұмыс орындарын құрып, облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік береді.
«Жоспарланған жобалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру қажет. Бұл – аймақ басшылығының алдына қойылатын негізгі міндеттердің бірі. Бұған Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов биыл республикалық бюджеттен өңірді дамытуға бөлінген қаражат аясында жаңа мектептер мен көп пәтерлі үйлер салу, күре жолдарды жаңғырту және жөндеу, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамыту жоспарланғанын атап өтті.
Одан бөлек, қаражат агроөнеркәсіптік кешенді және өнімді жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталатын болады.
Облыс басшылығының алдында тұрған маңызды міндет ретінде Үкімет басшысы азық-түлік бағасының өсуін тежеу мәселесін атады.
«Облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 16%-ға өсті. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қолда бар құралдарды толығымен әрі тиімді қолдану маңызды», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов облыс әкімдігі сауда үстемесіне бақылауды күшейтіп, оңтүстіктегі өңірлер мен шекаралас мемлекеттерден ерте пісетін көкөністерді жеткізуге тікелей шарттар жасасуы керек екенін, «айналым схемасы» механизмін кеңінен қолданып, форвардтық сатып алу бойынша қаржыландыруды ұлғайтуы қажет екенін айтты.
Үкімет басшысы өңірдегі өзекті мәселе – жұмыссыздық, оны шешудің негізгі жолы инвестиция тарту екенін айтты. Биыл мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 21 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
«Бірақ бір мың дегеніміз не? Облыста 20 мыңнан астам жұмыссыз азамат тіркелген. Облыс басшылығы салалық министрліктермен және “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және халықты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыруы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардағы еңбек дауларын шешудің тиімді шараларын қабылдаған жөн.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Маңғыстау облысының елді мекендерін газдандыру және сумен жабдықтау мәселелеріне қатысты бірқатар басқа да тапсырмаларды атап өтті.
Үкімет басшысы фермерлерді мал азығының қажетті көлемімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен және облыс әкімдігімен бірлесіп, жеңілдіктерді ұзарту мен жем-шөпті өңірлерге жеткізу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.