Медициналық орталық Халықаралық медбике күніне және ауылдың он жылдығына орай ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Мұнайлы ауданындағы заманауи медициналық орталық «Астана» шағынауданында орналасқан. Денсаулық сақтау нысанының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Ержан Күмісқалиев тұрғындарға құттықтауын жеткізді. Халықаралық медбикелер күніне орай өткен игі шарада медбикелерге арнайы сый-сияпат жасады.
Мұнайлы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Medina» медицина орталығы - Батыр ауылында жеке инвестиция есебінен салынған алғашқы нысан. Жоба құны 150 млн теңгені құрайды. Бір ауысымда 50 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық, мамандандырылған медициналық және күндізгі стационарлық көмек ала алады. Күндізгі стационар 6 орынмен жабдықталған.
- Қазір 30 қызметкеріміз бар. Көбі осы Батыр ауылының тұрғындары. Оның алтауы - дәрігер, 17-сі - орта медицина қызметкері. Алда медицина орталығын кеңейтуді, жұмыс ауқымын көбейтуді жоспарлап отырмыз, - деді инвестор Нұрлан Жеткізгенұлы.