Ұлы Абайдан қалған: «Сағаттың шықылдағы емес ермек», деген тамаша сөз бар. Сол айтқандайын, бәріне төреші, бәріне таразы-сыншы уақыт керуені бізді тағы бір Жаңа жылдың табалдырығына алып келді.
Адам баласы жыл он екі ай серіктес болған кезеңді кәрі тарих қойнауына тапсырып, ақша қардай, үлбіреген уыздай Жаңа жылдың алдында тұрып, еріксіз толқиды, өткенге көз жүгіртіп, келешекке жарқын жобалар құрады.
«Бүгінгінің баласы – ертеңгінің атасы» демекші өткен шаққа есеп бермей, есе кеткен тұсыңды ескермей, болашақты дұрыс бағдарлау мүмкін емес.
Осы тұрғыдан келгенде, 2022 жыл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бастау алған Жаңа Қазақстан бағытының сыналған, халқымыздың санасына сілкініс әкелген, саяси есейтіп серпіліс берген жыл болды. Қасіретті қаңтар оқиғасы тәуелсіздігімізге қауіп төндірді. Сол күндері халқымыз егемендігіміздің қадір-қасиетін жан жүрегімен сезінді. Тек мызғымас бірлік пен ұлт басшысына сенім білдіргеннің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық.
Ата-бабаларымыз үшін Тәуелсіздіктен биік, азаттықтан асқақ ешнәрсе болмаған.
Сол азаттықты ту еткен елімізде биыл айрықша мәні бар тарихи оқиға орын алды. Бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституциялық түзетулер арқылы Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Осылайша, бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық.
Маңғыстау өлкесінде ауқымды іс-шаралар, жоспарлы жұмыстар жемісті жүзеге асты. Өңірдің экономикалық өсімінде оң көрсеткіштер орын алып, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Осының бәрі әрқайсымыздың көз алдымызда өтуде.
Сырттай бақылаушы болып отырмай, осы жаппай өріс алған ұлы үрдіске бәріміз бір кісідей атсалысып келеміз.
Ошағымыздан түзу шалқыған түтін – сүйікті Отанымыздың асқақ желбіреген көк байрағымен құр түстес қана емес, соның берік негізі екенін ұқтық.
Кейінге қалып бара жатқан күндер легіндегі жарқын жеңістер мен бақытты сәттер өз қолымызбен құралды.
Осы өрісті жолда, өркенді істе іргеміз бірге болған барша жерлестеріме шынайы алғыс білдіргім келеді.
Иә, сөз жоқ, сынаптай сырғып келіп қалған Жаңа жылды қарсы алудың тамаша сиқырлы сәттері мол.
Жаңа жыл – қашанда үміттің жылы. Жаңа жыл Сіздерге игілік пен ізгілік әкелсін!
Әр шаңыраққа бақ пен береке тілеймін!
Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашан да берік, көк туы биік желбіресін!
Киелі Маңғыстау елінің ырысы мен ырзығы арта бергей!
Жаңа – 2023 жыл құтты болсын!
Маңғыстау облысы әкімі Н.Ноғаев